Қазақстан медицинада асқазан-ішек жолдары ауруларын диагностикалайтын финляндиялық технологияларды енгізуде

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Президентінің Іс басқармасы департаментінің жаңа заманғы медициналық технологияларды енгізу орталығы Финляндияның «BIOHIT» компаниясымен бірлесіп, Қазақстанда жаңа инновациялық «GastroPanel» технологиясын енгізіп жатыр.

Бүгін, осыған орай, Астанада «BIOHIT» компаниясының жаңа инновациялық «GastroPanel» технологиясын Қазақстанда енгізуге арналған тәжірибелік семинар өткізілді.

Хельсинки университетінің профессоры Пентий Сипонненнің атап өткеніндей, «GastroPanel» асқазан-ішек жолдары ауруларын бастапқы кезеңдерде анықтауға және оны дер уақытында емдеу үшін қолданылады. Сонымен қатар адамның асқазанында, ішек жолдарында қатерлі ісік ауруының пайда болу қатерін білуге мүмкіндік береді.

«Фин жабдығы ағза диагностикасын қанның сараптамасы арқылы жасайды. «GastroPanel» озық технологиясы жоқ кезде әлем елдерінде гастритті диагностикалау гастроскопия түтікшелерін асқазанға тікелей енгізу арқылы жүргізіліп келді. Ол әдіс адамның асқазанына зақым келтіріп қана қоймай, жараның қай жерде орналасқандығын дәл анықтауға мүмкіндік бермейтін еді», дейді ол.

Оның айтуынша, құрылғы адамның қанына 80 түрлі сараптама жасай алады.

«BIOHIT» компаниясының вице-президенті және бас директоры Юрео Вичманн, аталмыш құрылғы бұрыңғы аппараттардың бағасымен салыстырғанда соншалықты қымбат еместігін айтады.

Ең бірінші Астана қаласында ҚР Президентінің Іс басқармасының медициналық орталығы және республикалық диагностикалық орталық базасында енгізілетін техника, кейін Алматы қаласында, сосын барлық облыстарға таратылатын болады.