Қазақстан медицинада саласында жасуша технологияларын қолдану бойынша әлемдік көшбасшы елге айналды
Бұл туралы бүгін Астанадағы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық ғылыми медициналық орталығында «Ғаламдық көшбашылыққа жету» жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыру мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Еске сала кетсек, дің жасуша технологиялары саласындағы Қазақстанның, оның ішінде Ұлттық медициналық ғылым академиясының жеткен жетістіктеріне тәнті болған америкалық «Stemedica» компаниясы «Ғаламдық көшбасшылыққа жету» жобасына тең серіктес ретінде қатысуға ұсыныс жасаған болатын. 5 жылға жоспарланған осы жобаның барысы туралы бүгін Ұлттық медициналық орталықта сөз болды.
«2010 жылы 1 шілдеде Елбасының жолдауын жүзеге асыру шеңберінде Ұлттық ғылыми медициналық орталықта жасуша технологиялар, оларды медицинада қолдану және «FDA» (АҚШ) сертификаттаған «Дің жасушаларының мастер қоры» зертханасын ашу саласындағы қазақстандық-америкалық жобаның тұсаукесері болған еді. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында бізде осылайша көптеген елдерде тәуекел бағытында саналатын жасуша технологияларын қолданудың қаржылық және технологиялық мүмкіндігі пайда болды. Көптеген елдерде түрлі себептерге орай, ондай мүмкіндіктерге ресми рүұқсаттар берілмей келеді, ал Қазақстанда бұны сынақтан өткізуден бөлек, осы бағытта емдеуге де рұқсат алынып отыр», - деді жиын барысында «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басшысы Абай Байгенжин.
Оның айтуынша, Елбасының көрегенділігі арқасында сонау 2003 жылдан бастап ҰҒМО аясында дің жасушаларының (стволдық клеткалар) алғашқы клиникалық сынақтары жасала бастады. Осы уақыт аралығында қазақстандық мамандар аса ауыр саналатын ауру түрлеріне бір-бірінен бөлек әртүрлі 7 бағыт бойынша зерттеулер жасады. «Расында, бұған дейін ресми медицина игере алмай келген бағытта жұмыстар өрбіді. Мәселен, бұл бауыр ауруымен, екі типтегі қант диабеті ауруларымен, сондай-ақ орталық нерв жүйесімен байланысты, созылмалы бүйрек аурулары, буын ауруларына қатысты болатын. Бүгінгі күні біз бұл қызметтің ауқымын кеңейтіп, жүрек-қан айналымы ауруларын, иммунды ауруларды да емдеуді өолға ала бастадық. Соның арқасында біз халықаралық деңгейге шықтық. 2010 жылдан бері ресми түрде АҚШ тарапынан әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істей бастадық. Дер уақытында қолға алған мүмкіндіктеріміздің арқасында біз дің жасушаларын қолданып емдеуге қатысты АҚШ «FDA» департаментінің рұқсатын алып отырмыз. Бұл жасуша технологиялары өзімізде және АҚШ-та ғана жасалады. Осыған дейінгі атқарылған жұмыстың арқасында 2009 жылдан бері шетелдерден көптеген пациенттерді емдеуді сәтті жүзеге асырып келгенімізді хабарлағым келеді», - дейді А. Байгенжин.
Тоқтала кететін жайт, Астанада емделген шетелдік пациенттер арасында Куәйт, Араб Әмірліктері, АҚШ, Тайвань, Гонгкног, Корея, Ресей және басқа да елдерден келген азаматтар бар. Олардың барлығы науқастың аса ауыр санатына жатады. Сондай-ақ, бүгінгі күні дің жасушаларын қолданып емдеуге АҚШ пациенттерімен келісімшарттар жасалған. Оған сәйкес, емдеу ҰҒМО базасында жүзеге асады. Бұл ретте АҚШ-тың алғашқы пациенттері Астанаға емделуге 2010 жылы желтоқсан айында келген. Ал 2012 жылдың 4 тамызында клиникаға АҚШ-тан неврологиялық ауруға шалдыққан 11 пациент келді. Оларға кешенді тексеру және FDA сертификаттаған адам дің жасушаларын қолданумен ем жасалады. «Қазіргі кезде барлық пациенттерге дің жасушалары трансплантталды.Олар клиникада қаралуда, өздерін жақсы сезініп келеді», - дейді А. Байгенжин.