Қазақстан медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге 2014-2015 жылдарға қарай дайын болады - Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақстан медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге 2014-2015 жылдарға қарай дайын болады. Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен брифингте ведомство вице-министрі Ерік Байжүнісов осылай мәлім етті.

Оның айтуынша, еліміз бұған отандық медицина дамуының ішкі принциптері мен өзегін жасақтап шыққан кезде қол жеткізеді. Бүгінгі уақытта елімізде медициналық сақтандыру азаматтарға міндеттелмейді. Халыққа міндетті медициналық көмек ақысыз жүргізіледі.

«Сақтандыру медицинасы немесе біздегідей мемлекеттік медицина модельдерінің бірінен бірі асқан айқын басымдықтары жоқ. Ұлыбритания сынды елдердің тәжірибесі көрсеткеніндей, бюджетті модель халықтың барлық әлеуметтік топтарына әлдеқайда қолжетімді, әрі оның қызметін бақылауға біршама жеңіл болып табылады», - дейді Е. Байжүнісов.

Ақысыз медициналық көмек көрсету жүйесі халықты әлеуметтік қорғаудың ең маңызды факторларының бірі. Мемлекет осы қаражатқа өз азаматтарын медициналық сақтандырады деп есептеледі. Соның арқасында елде барлық адамдарды медициналық көмекпен қамтамасыз етуі неғұрлым артады. Медицинаның сақтандыру жүйесіне негізделген моделі іріктеуші басымдыққа ие. Медициналық көмекке тек сақтандырылғандар ғана кол жеткізе алмақ.

«Басқа елдердің, соның ішінде көршілес мемлекеттердің даму деңгейіне және негізгі көрсеткштеріне қарайтын болсақ, Қазақстанның тәжірибесіндегі бюджетті модель тұрақты әрі ширақ дамып келеді. Қазіргі уақытта техникалық жабдықталу, жаңғырту, сонымен қатар дамуына бөлінетін қаражаттың деңгейі бойынша мемлекеттік медициналық мекемелерімен санаса алатын жеке меншік орталықтар жоқтың қасы», дейді ол.