Министрлік 2030 жылға дейін медициналық туризмді дамытуға арналған тұжырымдамалық тәсілдерді әзірледі. Жаңа жүйе шетелдік пациенттерге алғашқы өтініш берген сәттен бастап ем аяқталғанға және кейінгі медициналық бақылауға дейін толық сүйемелдеу қызметін ұсынуды көздейді.
– Бірыңғай сервис арқылы пациенттер Қазақстан медицинасының мүмкіндіктері туралы ақпарат алып, медициналық ұйымды таңдай алады. Сондай-ақ қажетті құжаттарды рәсімдеп, консультация алып, келу мен орналасу мәселелерін ұйымдастырып, емдеудің барлық кезеңінде қолдауға ие болады, – делінген хабарламада.
Медициналық туризмнің жаңа моделін іске асыру аясында жеті негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.
Олардың қатарында ұлттық және өңірлік деңгейде медициналық туризмді үйлестірудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру, ортақ нормативтік талаптар әзірлеу, медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бар.
Сонымен қатар бәсекеге қабілетті медициналық қызметтер топтамасын айқындау, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыру және медициналық ұйымдарды ынталандыру тетіктерін енгізу көзделген.
Министрліктің мәліметінше, жаңа модель шетелдік азаматтардың Қазақстанда медициналық көмек алу процесін жеңілдетеді. Сонымен бірге отандық денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, медициналық қызметтер экспортын ұлғайтуға және қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Жоба Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік медициналық хаб ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған.
– 2030 жылға қарай Қазақстанға медициналық көмек алу мақсатында келетін шетелдік азаматтардың жыл сайынғы санын 800 мың адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр, – деп атап өтті министрліктен.
Айта кетейік, Қазақстанда мектеп медицинасының жаңа стандарты енгізіледі.