Қазақстан мектептерінде күн энергиясы ілкі жобасы жүзеге асырылады
ҚР Энергетика министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және «Шелл» компаниясы арасында рәсімделген меморандумның мақсаты - «Мектептерге күн энергиясы» пилоттық жобасын іске асыру. Жоба аясында Астана, Алматы, Ақтау, Атырау және Орал қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде күн фотоэлектр жүйелерін орнату көзделген.
Меморандумға ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «НЗМ» ДБҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова және Қазақстандағы «Шелл» концернінің вице-президенті және төрағасы Оливье Лазар мырза қол қойды.
«Осы меморандум аясында біз күн фотоэлектр жүйелерін мектеп шатырларына қондыру бойынша ынтымақтастық жасайтын боламыз. Аталған жоба жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдаланудың жақсы үлгісі болады және болашақта еліміздің өзге аймақтарында да кеңінен тарауы мүмкін»,- деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.