Қазақстан мектептерін күзету тәртібі қаншалықты қатаң

Фото: Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Балалардың мектептегі қауіпсіздігі - күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Соңғы жылдары білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікке аса мән беріліп, бірқатар жаңашылдық енгізілді.

Балалардың мектептегі қауіпсіздігі – аса маңызды мәселе, ал бейнебақылау жүйесі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралдарының бірі ретінде қолданылады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 7 797 мектеп бар, оларда 223 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде 6 986 мектеп террористік тұрғыдан осал объекті санатына кіреді, оның ішінде 5 817 мектеп жедел басқару орталығына және ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне қосылған (83%).

Үкіметтің 2021 жылғы 12 сәуірдегі №234 қаулысымен бекітілген террористік тұрғыдан осал объектілердің өлшем шарттарына сәйкес білім алушылар мен персоналдың нақты саны 100 және одан да көп адам болатын білім беру ұйымдары (балабақшалар, мектептер және т.б.) адамдар көп жиналатын объектілер қатарына жатады.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдары объектілеріне қойылатын талаптар Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 бұйрығымен бекітілген, террористік тұрғыдан осал объектілерді қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықпен белгіленген.

Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Мектептерді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жеке күзет ұйымдары тартылады, олар «Күзет қызметі туралы» заңның 10-бабында және Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 959 («Күзет қызметін жүзеге асыру үшін біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы») бұйрығында көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс.

Жеке күзет ұйымдарының күзетшілері Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 23 ақпандағы №143 («Жеке күзет ұйымында басшы және күзетші лауазымдарын атқаратын жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі үлгілік оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарлары») бұйрығына сәйкес мамандандырылған оқу орталықтарында бастапқы даярлықтан, сондай-ақ жыл сайын біліктілігін арттырудан өтеді.

- Күзетші лауазымына орналасу үшін бірқатар талап қойылады, оның ішінде жас шектеуі бойынша 19 жастан жоғары болуы керек. Күзетшілер үшін жоғары жас шегін белгілеу Конституцияның 14-бабының нормасына қайшы келеді, оған сәйкес ешкімді шығу тегі, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы, сенімі, тұрғылықты жері немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітуге болмайды. Жалпы күзетшілерге қойылатын біліктілік талаптары заңға сәйкес әзірленіп, бекітілген. Күзетшінің жасы оның қабілетсіздігінің өлшемі бола алмайды, өйткені бұл оның физикалық денсаулығының жай-күйін, күйзеліске төзімділігін, дайындық деңгейі мен басқа да қабілеттерін көрсетпейді. Осы орайда мамандандырылған оқу орталығында арнайы дайындықтан өткені маңызды, - деп түсіндірілген ведомствоның ресми сауалға берілген жауапта.

Мектеп күзеті қызметін лицензиялау

Күзет қызметімен айналысу құқығына лицензия беруге қойылатын талаптар реттелген және ол қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асырылады.

Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 30 наурыздағы №117 бұйрығына сәйкес білім беру объектілері 2 топқа бөлінеді:

  • персонал мен білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) нақты саны 700 адамға дейінгі білім беру объектілері;
  • аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада орналасқан, сондай-ақ, орналасқан жеріне қарамастан, персонал мен білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) нақты саны 700-ден астам білім беру объектіcі.

Объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін 2-ші топқа жатқызылған объектілердің иелері немесе басшылары лицензияның 1-ші кіші түрі бар (күзет қызметінің барлық түрі, оның ішінде террористік тұрғыдан осал объектілерін күзету) жеке күзет ұйымдары мен күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасады.

- Лицензияның 1-ші кіші түрі бар жеке күзет ұйымдарында күзет қызметін көрсету саласында кемінде бір жыл жұмыс тәжірибесі, орталықтандырылған бақылау пульті, радиобайланыс, объектілерде дабыл қағу құралы, жедел екі мобильді тобы және қызметтік қару болуы тиіс, - делінген сауал жауабында.

Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Осылайша Ішкі істер министрлігі мектептердегі күзет ұйымдары үшін бірыңғай стандарттарды әзірлеу, мектеп күзетшілері саны, күзету алаңы және оқушылармен арақатынасы, сондай-ақ оқушылар санын ескере отырып, мектеп күзетшілерін ұлғайту мүмкіндігі туралы мәселелері мен жалпы саланы реттеумен Оқу-ағарту министрлігі айналысатынын айтып отыр.

Еске сала кетейік, өткен жылы Ішкі істер министрлігі жеке күзет ұйымдарының штат нормативін жариялады.

Сондай-ақ Ішкі істер министрі Ержан Саденов балалардың қауіпсіздігі туралы айта келе, мектеп күзетшілерінің көбі вахтерлер мен зейнеткерлер екенін тілге тиек еткен еді.