Қазақстан мемлекеттік рәміздерінің авторлары кім
Алматы қаласының мемлекеттік архивінің жеке қорлар, аудиовизуалды және суреттік құжаттарды жинақтау бөлімінің басшысы Гүлнар Исмаилованың айтуынша, әр азамат мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге міндеттеледі және олар заңмен қорғалады.
Қазақстан егемендік алғаннан кейін, 1992 жылы республикалық рәміздерге байқау жарияланды.
Байқау нәтижесінде әнұранның авторлары: ҚР мемлекеттік сыйлығының иегерлері, ақын - Қадыр Мырзалиев, Жадыра Дәрібаева, Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, тудың авторы Шәкен Ниязбеков, елтаңба авторлары Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков байқау қорытындысында жеңіске жетті.
Рәміздердің авторы - жеті адам. Оның төртеуінің құжаты Алматы қаласы мемлекеттік архивіне сақтауға қабылданған.
– Қадыр Мырзалиев – ақын, Қазақстанның халық жазушысы, аудармашы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР алғашқы әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі.
«Құжаттарды архивке 2018 жылы ақынның жұбайы өткізді. 700-дей құжат. Жеке құжаттары, шығармалары, өлеңдер жинағы, драмалары, аудармалары, нақыл сөздері, прозалары, толғаулары, пікірлері, сұхбаттары, марапаттары, кітаптары, құттықтау қағаздары архивте сақтаулы. 1892-2010 жылдар аралығын құрайды»,- дейді архив қызметкері.
Қадыр Мырзалиев 2011 жылдың 24 қаңтарында өмірден өтті.
– Шәкен Ниязбеков - суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік Туының авторы. Архивте Шәкен Ниязбековтің жеке құжаттары, өнер туындылары, алғыс хаттары, құттықтаулары, сыйға берілген кітаптары, тудың түпнұсқасы, Мемлекеттік рәміздерді дайындау жобалары және бағдарламалары, суреттік құжаттары сақталған.
Шәкен Ниязбеков 2014 жылдың 16 тамызында өмірден өтті.
– Күлжадыра Дәрібаева - ақын, Қазақстан Республикасы жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік алғашқы әнұран авторларының бірі.
Күлжадыра Ибрагимқызының 2011 жылы 1965-2011 жылдар аралығын қамтитын жеке құжаттары мен қолжазбалары, авторлық кітаптары, баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары, суреттері архивке өткізілді.
– Мұзафар Әлімбаев- Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешіп келген қаламгер шоғырының бірі.
Мұзафар Әлімбаевтың құжаттарын архивке 2021 жылы балалары өткізді. Оның құжаттары архивте құрылған әлеуеттік қордың қатарында.
Құжаттары қазіргі уақытта өңделу үстінде. Құжаттардың құрамында даңқты батыр Б.Момышұлының 1973 жылы М.Әлімбаевтың 50 жылдық мерейтойына арнап жазған өлең жолдары (архив қорының құнды құжаттарының құрамына жатқызуға болады), суреттері (ұлы тұлғамыз Дінмұхамед Қонаев, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, әйгілі суретші Айша Ғалымбаевамен түскен суреттері), шығармалары, қолжазбалары, авторлық кітаптары бар.
Мұзафар Әлімбаев 2017 жылы 27 қарашада өмірден өтті.
Спикердің айтуынша, тәуелсіздіктің үлгісі болған Егемен Қазақстанның алғашқы әнұранының авторлары Қадыр Мырзалиев, Жадыра Дәрібаева, Мұзафар Әлімбаев және Мемлекеттік туымыздың авторы Шәкен Ниязбековтың құжаттары архив мақтанышына айналған.
«Рәміз авторларының өмірі мен қызметі кемел ұрпаққа өнеге, үлгі. Сондай тұлғалардың құжаттарын сақтау және насихаттау біздің парызымыз. Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, Көк Туымыз әрқашанда биіктерден желбірей берсін»,- дейді Гүлнар Исмаилова.