Қазақстан мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын Ұлыбританияның «British cоuncil» консулдығымен бірге дамытады - Д. Мыңбай

АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тілді оқыту орталықтарын дамытуда Ұлыбританияның «British cоuncil» консулдығының тәжірибесін қолданбақ.

Бұл туралы бүгін Астанада «Тіл - татулық тірегі» атты республикалық форумда аталған ведомство басшысы Дархан Мыңбай мәлім етті.

Оның айтуынша, кез келген адам аталмыш бірлескен оқыту бағдарламасы бойынша ғаламтор арқылы онлайн режімінде мемлекеттік тілді үйрене алатын болады.

«Министрлік алдағы уақытта тілді оқыту орталықтарын аккредиттеу, яғни заманауи бір стандартқа негізделуін іске асырмақ. Осы мақсатта халықаралық тәжірибесі бар «British cоuncil» консулымен жұмыс жүргізілуде. Онлайн режімі арқылы қашықтықтан оқытуға қол жеткізу мақсатында 2013-2020 жылдарға арналған қазақ тілін оқытудың онлайн жүйесін құру және енгізу жобасы әзірленуде. Яғни, бұның барлығы қолжетімді болады. Мемлекеттік тілді интернет арқылы үйренуге де жағдай жасауымыз керек», - деп атап көрсетті ол.

Министрдің хабарлағанындай, Қазақстанда 130 оқыту орталығы бар. Олардың 57-сі мемлекеттік, 73-і жеке меншік орталық.

Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері арасында өтіп жатқан форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге жуық қатысушы келген. Шара аясында дөңгелек үстел мен оқыту орталықтарының көрмесі өтуде.