Қазақстан мен Африкалық одақ Сомалиге көмек көрсетуге уағдаласты

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Африкалық одақ жанындағы Тұрақты өкілі Ерлік Әли Сомалиге гуманитарлық көмек көрсету туралы келісім рәсіміне қатысты, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Келісімнің талаптарына сәйкес 2018 жылдың екінші жартыжылдығында Қазақстан тарапы аталмыш жобалардың іске асырылуын тексеру мақсатында Сомалиге сапар ұйымдастыратын болады.

Африкалық одақтың құрылымдары арқылы Сомалиге гуманитарлық көмек көрсету шешімі мемлекетте «Аш-Шабаб» террористік топтардың істері мен азаматтық соғыс салдарынан пайда болған қиын әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты қабылданды.

Қазақстанның гуманитарлық көмек көрсету бойынша халықаралық ұйымдарға ерікті жарналар жолдау бағдарламасына сәйкес аталған келісімге қол қойылды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Сомалиге гуманитарлық көмек көрсетуі
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Саяси жолдауында айтылған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің пікірталастарында ұсынылған БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшесі ретінде еліміздің бастамаларына (Африканың бейбіт және тұрақты дамуына жәрдемдесу) сәйкес болып келеді.

Сомалидегі жағдай Сомали мен Эритрея бойынша
БҰҰ ҚК санкциялар комитетінің (Комитет 751/1907) төрағасы ретінде Қазақстанның жауапкершілік аймағына кіреді.

Оған қоса, зардап шеккен халықты сумен қамтамасыз ету бойынша аталған жобалар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі ядролық, су, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі төрт бағдарламаларына сәйкес келеді.

Қазақстан 2014 жылғы қараша айынан бастап 1 млрд-тан астам тұрғыны бар құрлықтың 55 мемлекетті біріктіретін Африка одағының байқаушысы болып табылады.  

Соңғы жаңалықтар