Қазақстан мен АҚШ арасында C5+1 саммиті аясында алғашқы келісімге қол қойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен америкалық Visa трансұлттық компаниясы алдағы «C5+1» саммиті және ертең Вашингтонда өтетін «C5+1 оныншы мерейтойы» бизнес-конференциясы аясында қол жеткізілген Ынтымақтастық туралы алғашқы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Меморандумға ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов және Visa компаниясының аға вице-президенті және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі жаһандық жетекшісі Роберт Томсон қол қойды.
Ұлттық банк өкілінің атап өтуінше, Visa компаниясымен жасалған келісімге цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту және Қазақстан нарығында заманауи цифрлық төлемдерді қолдануды кеңейту мақсатында қол қойылды.
– Меморандум ең жаңа төлем технологиялары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және төлем нарығында жаңа цифрлық шешімдерді сынақтан өткізуге бағытталған. Негізгі бағыттарға мыналар жатады: жаңа шешімдерді сынақтан өткізу үшін Visa қолдауымен ұлттық төлем корпорациясы базасында құзыреттілік орталығын құру; қаржы нарығында цифрландыру, биометриялық сәйкестендіру жүйелері саласындағы озық тәжірибелерді тарату және тереңдету;қаржы нарығында киберқауіпсіздік пен алаяқтықтың алдын алу қызметін жетілдіру, - деп хабарлады Ақылжан Баймағамбетов.
Роберт Томсон Қазақстан тарапымен Меморандумға қол қойылуына қатысты түсінік берді.
- Біз Қазақстан Ұлттық банкімен сандық активтер, киберқауіпсіздік және саяхат және туризм деректері арқылы бүкіл ел бойынша сандық инновацияларды жеделдету туралы меморандумға қол қойғанымызға қуаныштымыз. Бұл шынымен де Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші сандық экономикалардың біріне айналдыруға көмектеседі, - деп мәлімдеді Роберт Томсон.
Visa трансұлттық компаниясының басшысы еліміздегі жұмыс тәжірибесі туралы: «Осы жылдың басында Қазақстанға келгенім мен үшін үлкен құрмет болды және Қазақстан біз үшін цифрлық төлемдер саласында және жаңа технологиялармен тәжірибе жасап жатқан ісімізде шынымен де көшбасшы, - деп атап өтті.
- Біз елдегі әрбір адамның, шағын бизнес, жеке тұлғалар немесе үкімет болсын, цифрлық технологияларға қол жеткізуін қамтамасыз еткіміз келеді. Ал Қазақстан шынымен де бұл салада алдыңғы қатарда. Сондықтан біз әлемнің цифрлық төлемдер тұрғысынан қалай дамып жатқанын көрсету үшін ең жақсы тәжірибе ретінде көптеген инновацияны енгізіп жатырмыз, - деп баяндады Роберт Томсон.
Бұған дейін 6 қараша күні АҚШ астанасында «Орталық Азия-АҚШ» саммиті өтетінін жазған болатынбыз. Henry Jackson Society талдау орталығының ғылыми қызметкері Даррен Спинк Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында С5+1 форматы кеңеюі мүмкін екенін атап өтті.