Майкл Дэниел Қазақстанның географиялық орналасуы авиациялық хаб ретінде дамуына айтарлықтай артықшылық беретінін атап өтті.
— Менің ойымша, Қазақстанның басты артықшылығы оның орналасуы, географиялық жағдайы. Қазір бұл әлемдік авиацияның жаңа тартылыс нүктесі. Әуе тасымалы құрылымындағы өзгерістердің Президент пен үкіметтің көзқарасымен сәйкес келуі Қазақстан мен Орталық Азияның авиациялық хабқа айналуы үшін шынымен де мінсіз жағдай қалыптастырып отыр, — деді Майкл Дэниел.
АҚШ нарығына шығудың үш кезеңі
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысы атап өткендей, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейстерді іске қосу үшін бірнеше дәйекті рәсімнен өту қажет.
— Алдымен біз АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігі (FAA) тарапынан авиациялық әкімшілігіміз бен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіне қатысты бағалаудан өтуіміз керек. Біз халықаралық стандарттар мен ұсынылатын тәжірибеге сай болуға тиіспіз, — деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, келесі кезең Category 1 санатын алу, яғни авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестікті растау. Осыдан кейін әуе компаниясы АҚШ Көлік министрлігі арқылы елде коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсат алу рәсімін жалғастыра алады.
— Үшінші кезеңде әуе компаниясы АҚШ аумағында ұшуды орындауға FAA-ның тиісті рұқсатын алуы керек. Бұл кезеңде нақты әуежайлар мен бағыттар айқындалады. Одан кейін әуе компаниясы қажетті көрсетілім рәсімдерінен өтуге тиіс. Бұл бүкіл процестің соңғы кезеңі, — деді Майкл Дэниел.
Category 1 санатын алу үшін не қажет
Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (International Aviation Safety Assessment, IASA) талаптары туралы сұраққа жауап берген Майкл Дэниел халықаралық талаптарға сай болуы тиіс бірқатар маңызды құрамдас бөлік бар екенін атап өтті.
— Үкімет пен авиациялық билік тиісті заңнаманың, нормативтік реттеудің, инспекторлардың қажетті біліктілігі мен даярлығының, техникалық нұсқаулықтардың, сондай-ақ салаға арналған тиісті ұсынымдардың болуын қамтамасыз етуі керек. FAA қауіпсіздік пен авиацияның қорғалуын қамтамасыз ете алатынымызға көз жеткізу үшін жүйелеріміздегі дәл осы негізгі элементтерді бағалайды, — деді ол.
Басты мәселе — уақыт
Майкл Дэниелдің айтуынша, дайындық барысында кездесетін ең күрделі мәселелердің бірі — уақыт. Себебі атқарылуы тиіс жұмыс көлемі ауқымды.
— Менің ойымша, ең күрделі мәселе — уақыт. Бізге орасан зор жұмыс атқару қажет. Үкіметтің қажетті заңнаманы қабылдау үшін жасаған жұмыстарын өте жоғары бағалаймын. Бұл оңай шаруа емес және уақытты талап етеді, — деді ол.
Оның сөзінше, күрделілігі жағынан келесі орында нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу мәселесі тұр. Ал инспекторлар штатын жасақтау, оларды оқыту және қажетті нұсқаулықтармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу біршама жеңілірек.
FAA Қазақстанға техникалық көмек көрсетіп келеді
Майкл Дэниел АҚШ Үкіметі мен АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігі тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды да атап өтті. Оның айтуынша, шамамен екі жыл бұрын тараптар арасында техникалық көмек көрсету туралы келісімге қол қойылған.
— Осы келісімнің арқасында біз FAA-ның ең білікті инспекторларынан көмек алып отырмыз. Олар өздерінің білімі мен тәжірибесімен бөлісіп, Category 1 санатына қол жеткізу үшін басшылыққа алуымыз қажет ұсынымдарды береді, — деді ол.
Category 1 санаты Қазақстанға не береді
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысы Category 1 санатын алудың маңызы АҚШ-қа тікелей рейстер ашу мүмкіндігімен ғана шектелмейтінін, оның Қазақстанның азаматтық авиациясының халықаралық беделіне де ықпал ететінін атап өтті.
— Ең алдымен, ұшу қауіпсіздігі. Негізгі көрсеткіш халықаралық стандарттар мен ұсынылатын тәжірибеге сәйкес келуіміз. Бұл әрдайым бірінші орында тұрады, — деді Майкл Дэниел.
Оның айтуынша, Category 1 санатын алу Қазақстанның халықаралық инвесторлар мен әуе кемелерін лизингке беретін компаниялар үшін тартымдылығын да арттыруы мүмкін.
— Бедел тұрғысынан алғанда, бұл лизингтік компаниялар мен инвесторлар үшін елімізге көбірек әрі жаңа инвестиция салу мүмкіндігін қарастыруға қосымша ақпарат көзі болады. Сондықтан Category 1 санатын алу айтарлықтай нәтиже береді, — деп түйіндеді ол.
Бұған дейін Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық жүріп жатқанын жазғанбыз.