Іс-шара аясында «Атамекен» ҰКП мен АҚШ Сауда палатасы арасында стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қою жоспарланған. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов айтты.
-Бүгінгі дөңгелек үстел аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен АҚШ Сауда палатасы арасында стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылады. Бұл – америкалық компаниялармен іскерлік байланысты кеңейтуге, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындауға және шағын әрі орта бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашуға бағытталған маңызды құжат, – деді ол.
Оның айтуынша, америкалық делегация құрамында Қазақстанда жұмыс істеп жүрген және ел экономикасына инвестиция салуға ниетті жетекші компаниялар бар. Олардың қатарында энергетика, технология, қаржы, өнеркәсіп және көлік-логистика салаларының өкілдері қатысып отыр.
-Бүгін құрамында ірі компаниялар бар делегация жиналып отыр. Оның құрамында Қазақстанда жұмыс істеп жүрген, сондай-ақ алдағы уақытта ел экономикасына инвестиция салуды жоспарлап отырған америкалық компаниялар бар. Бұл – энергетика, IT, қаржы, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика бағыттарындағы ірі бизнес өкілдері. Біз америкалық әріптестермен өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы кооперациясын, логистикалық жобаларды кеңейтуді көздеп отырмыз, – деді Мұрат Қарымсақов.
Дөңгелек үстелде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, көлік-логистика, жаңа энергетика, өнеркәсіптік кооперация және даму институттарының жобалары таныстырылады.
АҚШ Қазақстан экономикасына 60 млрд доллардан астам инвестиция салды.