Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің мінездері ұқсайды - елші Джордж Крол

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың мінездері ұқсайды. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарының қорытындысына орай БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сапар барынша табысты өтті. Әсіресе Президенттер арасындағы жеке байланыстар айрықша болды деп санаймын. Кездесулерге қатысып, олардың достық пейілде ғана емес адами тұрғыда да жақын болғанын байқадым. Біздің Президенттеріміздің мінездері сәйкес келеді. Трамп Президент Назарбаевқа айрықша құрмет көрсетті. Әрине, олар бір-бірімен қалжыңдасты да, жылы қабылдау болды. Мұның барлығы да байқалып тұрды. Тіпті әңгімелесудің өзі 1,5 сағатқа созылды. Ал кесте бойынша 45 минут өтуі тиіс еді. Өйткені, әңгімелесу қызықты өтті. Ақ үйден кейін вице-президентпен өткен таңғы ас та шағын форматта достық пейілді болды», - деді Джорд Крол.

Оның атап өтуінше, бұл сапар екі елдің Үкіметтері арасында ғана емес сонымен бірге көшбасшылары арасындағы қарым-қатынасты дамытуға тың серпін береді.

«Мен үшін бұл сапар елшіліктегі жұмыстың көп болатындығын білдереді. Әрине, Вашингтондағы Қазақстан елшілігінің де жұмыс көлемі ұлғая түсері сөзсіз», - деді елші.

Айта кетейік, 17 қаңтарда Ақ үйде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен кездесті. Кездеуден кейін екі елдің басшылары БАҚ өкілдеріне білескен мәлімдеме жасады.