Аталған басылымда Американың бірқатар штатында бензин бағасының айтарлықтай төмендегендігі жайында жазылған. Мәселен, Оңтүстік Каролинде біздің АИ-92 маркалы бензинге сәйкес келетін жанармайдың 1 галлоны (3,78 литр) 3,05 долларға сатылуда. Яғни 1 литрі 0,82 доллар. Ал алматылық темір тұлпар иелері 1 литр бензин үшін шамамен 0,76 доллар төлейді. Демек баға айырмашылығы небәрі 8-ақ теңге.
Бұл ретте айта кетерлігі, қазақстандықтар мен американдықтардың табыстарының арасындағы айырмашылық өте үлкен. Сонымен қатар АҚШ тұтынатын мұнайдың басым бөлігі елден тысқары жерлерден тасымалданса, Қазақстан өзінің ішкі нарығына қажетті көлемнен де артық шикізат өндіреді.
Еліміздегі бензин бағасына қатысты өз пікірін білдірген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко әлемдегі мұнай бағасының төмендеуіне байланысты республикада жанармай құны түсуі керектігін айтқан еді. Ал Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев болса таяу аралықта жанар-жағармай бағасының шекті бағасын қайта қарау көзделмегендігін ашық айтып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде мұнай өнімдерінің бөлшек саудадағы шекті бағасы осы жылдың сәуірінде көтерілген болатын. Дизель отыны 95, АИ-80 - 91, АИ-92 112 теңгеге дейін қымбаттаған болатын.