Қазақстан мен араб әлемінің танымал ғалымы Насрулла ат-Таразидің еңбектері елімізге жеткізіліп жатыр - Марат Әбсеметов

АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Астанадағы ҚР Ұлттық мұрағатында Насрулла Мубашширхан-ұлы ат-Таразидің туғанына 90 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр.

«Насрулла ат-Тарази Мысырда көп еңбек қалдырды. Атап айтқанда, оның ішінде Орта Азияға, Қазақстанға,  Сұлтан Бейбарыс және әл-Фарабиге байланысты еңбектері бар. Бұл кісі араб елдерінде атақты профессор бола тұрып, негізі Таразда дүниеге келген. Сондықтан да ат-Тарази деп аталып келеді»,-деді Ұлттық мұрағаттың бас директоры Марат Әбсеметов.

Оның сөзіне қарағанда, ғалымның салмақты еңбектерінің ішінде Түркістанға, Әмір Темірге қатысты жазбалары ерекше қызықтырады. «Сондықтан алыс жерде жүріп туған жерім, қазағым деп елін ұмытпай жүрді. Насрулла ат-Таразидің Қазақстанға арнап шығарған «Отаным» атты өлеңі де бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға келіп, елім, халқым деп сүйісініп, сағынышпен оралды»,-деді М. Әбсеметов.

Осы орайда ол бүгінде аталған ғалымның көп еңбектері Ұлттық мұрағатқа жеткізілгенін айтты. Бұдан бөлек, араб елдерінен де Насрулла ат-Таразидің басқа еңбектерін алдыртуға мүмкіндік жасалып отыр.

Айта кетейік, конференция барысында ғалым туралы баяндамалар жасалып, мұрағат қорында сақтаулы құжаттардың көрмесі ұйымдастырылды. Насрулла Мубашширхан-ұлы ат-Таразидің 1922 жылы Тараз қаласында дүниеге келді. Оның әкесі шейх Мубашширхан ат-Тарази әл-Хусейни 1917-1930 жылдары Кеңес басқыншыларының жаулаушылық саясатына қарсы жүргізілген күресі үшін қудалауға ұшырайды. 1930 жылы 7 жасар баласы Насрулланы алып Ауғанстанға кетуге мәжбүр болады. Ол күресін сонда жалғастырып, Түркістанды азат ету қозғалысы бағытында жұмыс істейді. Жас ғалым Насрулла өзінің қызмет жолын Мысырдың Ұлттық кітапханасы және мұрағатының шығыс қолжазбалары бөлімінде бастайды.

Ғалым түрік мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін Анкарадағы «Ата-Түрк Академиясының» мәртебелі мүшесі болып, бірқатар үкіметтік марапаттарға  ие болды.