Қазақстан мен Ауғанстан өңірлік сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтеді

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Құндыз провинциясының губернаторы Маулави Насрулла Матимен және Герат провинциясының губернаторы Нұр Ахмад Исламжармен кездесулер өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Үкімет

Серік Жұманғарин атап өткендей, Герат пен Құндыз — Қазақстан ең тығыз сауда-экономикалық байланыс жасайтын провинциялар.

Герат губернаторымен әңгіме барысында көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту және өзара сауданы кеңейту мәселелері талқыланды. Серік Жұманғарин былтыр Қазақстан Тургунди — Герат темір жолын салу туралы бастама көтергенін еске салды. Сонымен қатар Хаф — Герат теміржол желісінің құрылысы аяқталуда. Оны іске асыруға қазақстандық тарап та қатысуда.

Қазақстандық тарап өзара тауар айналымын ұлғайту үшін Қазақстан нарығына ауған жеміс-көкөніс өнімін жеткізуді арттыруды ұсынды. Өз кезегінде Қазақстан Герат провинциясына ұн экспортын молайтуға дайын. Биылғы сәуір мен мамырда Қазақстанның Гераттағы сауда үйінің көмегімен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ мен ауғандық компаниялар арасында қазақстандық ұнды жеткізу бойынша екі келісімшарт жасалды.

— Біз Гератты қазақстандық өнімді ауған нарығына жылжытудың негізгі торабының бірі ретінде қарастырамыз. Қазақстандық тарап үшін астық пен ұн, өсімдік майы, құрылыс материалы, металлургия өнімі, ауыл шаруашылығы техникасы, химиялық өнім мен тыңайтқыш, сондай-ақ терең өңделген тауар жеткізілімін дамыту ерекше қызығушылық туғызуда, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Кездесу барысында Герат губернаторы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытудың және Қазақстан аумағы арқылы, оның ішінде Ақтау порты арқылы ауған өнімдерін экспорттау үшін жіксіз логистика құрудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Герат арқылы өтетін сауда жолының дамуы провинцияның ғана емес, Ауғанстанның басқа аймақтарының да экономикалық өсуіне ықпал етеді.

Құндыз губернаторымен кездесуде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасы талқыланды. Провинция басшысы қазақстандық тараптың Құндыз цемент зауытын салуға қатысу мүмкіндігін, аймақта қажетті шикізат базасының бар екенін атап өтті. Сонымен қатар провинция инвесторлары ұн мен күнбағыс майын импорттау бойынша қазақстандық бизнеспен ынтымақтастыққа мүдделі. Сондай-ақ өңірде жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау және экспорттау үшін тоңазытқыш қуатын арттыру қажеттілігі атап өтілді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ерекше назар аударылды. Губернатордың айтуынша, Құндыз — Ауғанстандағы ең ірі ауылшаруашылығы аймағының бірі әрі минералды тыңайтқыш өндіретін кәсіпорын құруға ниетті. Провинция инвесторлары қазақстандық әріптестермен бірлесіп, осындай жобаларды жүзеге асыруға дайын.

Анықтама:

Герат провинциясы — батыс Ауғанстанның маңызды сауда-логистикалық хабы. Аймақ ауғандық тауарлардың Иран, Парсы шығанағы мен Орталық Азия нарығына шығуын қамтамасыз етеді. Гератта Қазақстанның сауда үйі жұмыс істейді. Ол екіжақты сауданы кеңейтудің және қазақстандық өнімді ауған нарығына жылжытудың негізгі құралының бірі ретінде қарастырылады.

Провинцияның әкімшілік орталығы Герат — елдегі ең ірі әрі экономикалық жағынан дамыған қаланың бірі. Провинцияның халқы шамамен 2-2,2 млн адам. Аймақта құрылыс материалы мен күн панелін өндіру секілді 200-ден аса өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар Герат Ауғанстанның маңызды экспорттық тауарының бірі — дәстүрлі кілем тоқу және шафран өндірісінің орталығы.

Құндыз провинциясы Ауғанстанның солтүстік-шығысында орналасқан, елдің ең құнарлы аймағының бірі. Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Мұнда бидай, күріш, мақта, жүгері, арпа, бұршақ дақылдары, күнжіт, көкөністер мен жемістер өсіріледі. Аймақтың негізгі экспорттық дәстүрлі дақылының бірі — мақта өндірісі. Сондай-ақ мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу дамыған. Провинцияның экспорттық әлеуеті ең алдымен мақта мен тоқыма өнімін, дәнді дақыл, жеміс, көкөніс, мал шаруашылығы өнімдерін жеткізумен байланысты. 

Айта кетелік Қазақстан-Ауғанстан білім беру және ғылыми-зерттеу орталығы құрылатыны туралы жазған едік