Қазақстан мен Ауғанстан түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты арттырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 3 тамызда ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Хумаюн Расав бастаған кәсіпкерлер делегациясы Астанаға келді, деп хабарлады аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметі.

Іс-шараға 40-тан астам іскер топ өкілдері қатысты, олардың 20-дан астамы ауған бизнесін таныстырды.

Сапар барысында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов Ауғанстан делегациясымен кездесті. Сондай-ақ Қазақстан мен Ауғанстан кәсіпкерлерінің арасында бірқатар B2B кездесулер өтті. Кездесуге «Қазақ-Инвест», «ҚТЖ», «Қазгеология», «Қазақстан-Экспорт» және Қазақстанның сыртқы сауда палатасы сияқты ірі қазақстандық компаниялар қатысты.

Тараптар түрлі салалардағы сауда-инвестициялық, ауыл шаруашылығы, жер және әуе көлігі, сондай-ақ геология және минералды ресурстар сияқты түрлі салаларда Қазақстан-Ауғанстан қатынастарының қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.

Қазақстан Сыртқы сауда палатасында еліміздегі орта кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы, көлік және логистика сияқты салалар бойынша кездесулер ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара екі елдің мемлекеттік секторларының өкілдері мен бизнес өкілдерінің қызығушылығын тудырды. Бұл кездесудің нәтижесінде сауда-экономикалық қатынастар бойынша екі жақты ынтымақтастық тақырыбында пікір алмасуға мүмкіндік туды.

Конференция қорытындысы бойынша делегация басшылары келісілген хаттамаға қол қойды. Кездесу сындарлы және достық қарым-қатынас жағдайында өтті.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналым 180,2 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3% -ға жоғары (151,1 млн АҚШ доллары).

2005 жылдан 2018 жылдың бірінші тоқсанына дейін Ауғанстаннан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 0,2 млн АҚШ долларын құрады.

2005 жылдан 2018 жылдың 1-ші тоқсанына дейін Қазақстаннан Ауғанстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 0,3 млн АҚШ долларына жетті.