Қазақстан мен Аустрия дипломаттарды визалық талаптардан босатпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Үкіметі мен Аустрия Үкіметі арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілмек. Үкіметтің тиісті қаулысы ашық НҚА порталында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары — жарамды дипломатиялық паспорттардың иелері Аустрия Республикасының аумағына немесе 1985 жылғы 14 маусымдағы жалпы шекараларда тексерулерді біртіндеп алып тастау туралы 1990 жылғы 19 маусымдағы Шенген келісімін қолдану туралы Конвенцияға қол қойған кез келген елдің аумағына кірген кезден бастап есептелетін 180 (жүз сексен) күн ішінде 90 (тоқсан) күннен аспайтын мерзімге, сондай-ақ дәл осындай шарттармен Аустрия азаматтары виза алу талабынан босатылады.
Қазақстан Республикасы мен Аустрия Республикасының жарамды дипломатиялық паспорттарының иелері жауапты иммиграциялық билік орындары айқындаған кезде өткізу пункттері арқылы екінші тараптың аумағына кіре алады және шыға алады. Сонымен қатар, оларға қауіпсіздік, иммиграциялық, кедендік, санитарлық және басқа да нормалармен байланысты және осындай жарамды паспорттардың иелеріне заңды түрде қолданылатын шектеулерден өзге қандай да бір шектеулер қойылмайды.
Тараптар осы келісімге қол қойылған сәттен бастап 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы осы келісімнің 1-бабына сәйкес, тиісті тарап пайдаланатын паспорттардың үлгілерімен алмасады. Әрбір тарап екінші тарапқа жаңадан қолданысқа енген немесе өзгертілген дипломатиялық паспорттың үлгілерін олар күшіне енгенге дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын ұсынуға міндетті.
Құжат 28 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.
Бұған дейін Аустрияның үш партиялы коалициясы босқындардың отбасын қайта біріктіру процесін дереу тоқтату туралы шешім қабылдағанын жазған едік.