Кездесу барысында тараптар инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Осы оқиғаға түсіндірме берген Австрия министрі, бұл құжаттың тараптарға инвестициялық өзара іс-қимылдардың жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретінін атап көрсетті.
Тараптар сондай-ақ қазақстан-австрия ынтымақтастығын және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды әрі қарай дамыту мәселелерін талқылады.
Қ.Саудабаев австриялық әріптесін Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының негізгі басымдықтары туралы хабардар етті, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы әңгімелеп берді. Сондай-ақ ауған проблемасын да қамтыған аймақтық қауіпсіздік тақырыбы талқыланды.
Штаб-пәтері Венада орналасқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалығына тоқталған М.Шпинделеггер: «Ресми Вена Астананың осынау лауазымға берген өтінішін алғашқылардың бірі болып қолдады және ол қазақстандық бастамаларды қолдай отырып, осынау беделді ұйымның арасындағы тығыз өзара іс-қимылға үміт артады», деп атап көрсетті.