Қазақстан мен Әзербайжан Алят портында интермодальды терминал салады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Әзербайжан Алят портында бірлескен интермодальды терминал салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байелдің Әзербайжанның көлік-коммуникация холдингінің (AZCON) атқарушы директоры Шахин Бабаевпен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі.

Фото: AZCON

Кездесу барысында тараптар көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ көлік байланысын кеңейту және Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін арттыру мәселелерін талқылады.

Қазақстан Елшісі 2024 жылы мемлекет басшыларының қатысуымен Алят портында бірлескен интермодальды терминал салу жөнінде келісімге қол жеткізілгенін еске салды. Әзербайжан тарапының мәліметінше, қазір Баку портының даму жөніндегі бас жоспары жаңартылып жатыр. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін терминал құрылысы басталады деп күтілуде.

Фото: AZCON

Кездесуде көлік өнімдерін өзара жеткізу туралы уағдаластықтардың орындалуына да ерекше назар аударылды. Қазақстан Әзербайжанда жасалған кемелерді сатып алуды жоспарлап отыр. Ал Әзербайжан Қазақстанда өндірілген локомотивтерді сатып алуды жалғастырады.

Осы келісім аясында Қазақстан Баку кеме жасау зауытына екі құрғақ жүк кемесін салуға тапсырыс беріп үлгерді. Өз кезегінде AZCON басшысы жуық арада қазақстандық локомотивтерді сатып алу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, 2015–2022 жылдары Қазақстан Әзербайжанға 50 локомотив жеткізген.

Кездесу қорытындысында тараптар екі елдің көлік-коммуникациялық әлеуетін одан әрі дамытуға және олардың Еуразиядағы негізгі транзиттік тораптар ретіндегі рөлін күшейтуге мүдделі екенін растады. 

Айта кетелік 2027 жылдан бастап Қазақстан мен Әзербайжан e-Permit жүйесіне толық көшеді