Қазақстан мен Әзербайжан депутаттары ТүркПА хатшылығына барды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы парламентаралық алмасу бағдарламасы аясында екі елдің парламентшілерінен құралған бірлескен делегация Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) халықаралық хатшылығына ресми сапармен барды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: ТҮРКПА

Сапар барысында делегация мүшелері ұйымның Бас хатшысы, елші Рамиль Гасановпен кездесті.

Өкілді делегация құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі туберкулезге қарсы күрес жөніндегі Жаһандық парламенттік кокустың тең төрағасы Гүлдара Нұрымова, Мәжілістің Экология және табиғат пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі Ажар Сағандықова, Туберкулезге қарсы күрес жөніндегі Жаһандық кокустың Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік менеджері Алеся Матусевич, сондай-ақ Әзербайжан Милли Мәжілісі депутаты Парвана Валиеваның көмекшісі Камиль Гаджиев болды.

Фото: ТҮРКПА

ТүркПА Бас хатшысы Рамиль Гасанов делегация мүшелерін ұйымның, оның тұрақты комиссиялары мен халықаралық хатшылығының қазіргі қызметімен жан-жақты таныстырып, түркі әлеміндегі ықпалдастық үдерістерін нығайту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобаларға ерекше тоқталды.

Екіжақты консультациялар барысында тараптар денсаулық сақтау, экология және орнықты даму салаларындағы парламентаралық ынтымақтастықты қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты. Кездесуге қатысушылар тұрақты парламенттік диалогтың стратегиялық маңызын және қатысушы елдердің заң шығарушы органдары арасындағы институционалдық өзара іс-қимылды кеңейтудің қажеттігін бірауыздан атап өтті.

Фото: ТҮРКПА

Кездесуге сондай-ақ ТүркПА Бас хатшысының орынбасарлары Талғат Әдуов пен Мұхаммет Алпер Хаяли, Бас хатшы орынбасарының міндетін атқарушы Бектұр Базакечов және комиссия хатшысының міндетін атқарушы Мирлан Үсенқанов қатысты.

Ресми іс-шара соңында дәстүрлі түрде естелік суретке түсу рәсімі өтті.

Еске салайық, бұған дейін Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) Қазақстанда өткен референдумға қатысты өз бағасын берді.