Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінде көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың Қазақстандағы Әзербайжан елшісі Алимирзамин Алескеровпен және AZCON Holding өкілі Шахин Бабаевпен кездесуі өтті.
Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамыту және «Каспий көпірі» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Жобаның негізгі ерекшелігі — паромдарды теміржолдың жалғасы ретінде пайдалану. Бұл вагондарды Каспий теңізі арқылы жүк түсіріп, қайта тиеу қажеттілігінсіз жеткізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде тасымал үдерісін оңтайландырып, жүк жеткізу уақытын қысқарту көзделіп отыр.
Жобаның бастапқы мақсаты — жылына 8 млн тонна жүк тасымалдау. Алдағы уақытта бұл көлемді 10–12 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.
Әзербайжан делегациясының сапары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ мен AZCON Holding жобаны дайындау және жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Әзербайжан темір жолдары» АЖҚ Алят портында бірлескен интермодальды жүк терминалын құрудың негізгі шарттарын бекітетін құжатқа (Term Sheet) қол қойды.
Кездесуде тараптар бірлескен терминалдар желісін қалыптастыру, локомотив және кеме жасау салаларындағы өндірістік ынтымақтастықты дамыту мәселелерін де қарастырды. Бұдан бөлек, тариф саясатын үйлестіру және жүктерді Еуропаға жеткізу уақытын қысқарту жолдары талқыланды.
Тараптар көлік саласындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін растады. Негізгі басымдықтар — Орта дәліздің өткізу қабілетін арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдаудың тиімділігін күшейту.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде орта дәліз арқылы транзиттік тасымал 90 пайызға өскенін айтқан болатын.