Аталған шараны Әзербайжан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығымен бірлесіп «Парасат» жүйелі зерттеулер институты ұйымдастырды.
Отырысты «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының директоры Нұрсұлтан Ахмедия ашып, сарапшылар басқосуының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға сапары қарсаңында маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынастары сәтті және динамикалық тұрғыда дамуда. Елдеріміз халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқан. Тұрақты негізде екі мемлекет басшыларының өзара іс-сапарлары ұйымдастырылып, екі жақты қатынастардың барлық салалары бойынша ынтымақтастық перспективалары талқылануда» - деді Нұрсұлтан Ахмедия.
Әзербайжан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Фархад Мамедов «екі мемлекет басшылары арасында жоғары деңгейдегі саяси сенім орныққандығын» атады. Сондай-ақ, ол халықаралық күн тәртібінде тұрған сұрақтар бойынша Қазақстан мен Әзербайжанның ұстанымдары ұқсас екеніне тоқталды.
Айта кетейік, екі ел арасында мәдени байланыстар үлкен маңызға ие. Халықаралық түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев Қазақстан және Әзербайжан түркі халықтарының бірегейлігін дамытуға ұмтылатындығын айтты.
ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Найля Әлмұхамедованың айтуынша, соңғы 10 жылда екі елдің сауда байланыстары айтарлықтай нығайды. «2016 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда айналымы 136,8 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға өсті» - деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар, Қазақстан Әзербайжанға теміржол және трамвай локомотивінің жабдықтарын, қара металл, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын экспорттайды. Импорттың негізгі бөлігін қант және кондитерлік өнімдер, қара металдан жасалған өнімдер, көкөніс пен дәндер, текстиль өнімдері мен электр құрал-жабдықтары құрайды.
Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Расим Мұсабеков өз сөзінде екі ел үшін өзекті мәселелерді атады. Оның ішінде әлемдік қауіпсіздік, Қазақстан Президентінің ядросыз әлем бастамасы, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, ислам джихадизмі, сондай-ақ Астана мен Бакудің сұхбат алаңы ретіндегі рөлін ерекше атады.
Кездесу қорытындысында қазақстандық және әзербайжандық сарапшылар екі мемлекет тығыз әріптестік қатынастарды қолдайтындығын және Еуропа мен Азия арасындағы белгілі бір «көпір» екендігін атады.