Қазақстан мен Әзербайжан жаңа құбыр желісін салады

БАКУ. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Әзербайжан Ескене-Құрық-Баку бағыты бойынша ұзындығы 739 шақырым болатын жаңа құбыр желісін салуды жоспарлауда. Бұл туралы Әзербайжан энергетика министрі Натиг Алиевтің бейсенбі күні жарияланған мақаласында хабарланды.

Оның айтуынша, ҚР 5,5 млрд тонна мұнай және 3 трлн кубометр газ қорына ие.

«Бұл Қазақстанға жыл сайын 33,6 млрд куб м. газ және 80 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді. Бірақ, елде Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД)  құбыр желісінен өзге тәуелсіз, сенімді және қауіпсіз мұнай экспорттау бағыты жоқ», - дейді Н.Алиев.

Ол аталған бағыттар мен экспорт көлемінің өткізу қабілетін ескере отырып, Астананың қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесіне (ҚКТЖ) ерекше зер салғанын атап өтті.

 «ҚКТЖ сәйкес, Ескене-Құрық-Баку бағыты бойынша ұзындығы 739 шақырым болатын жаңа құбыр желісін салу жоспарлануда. Ескене-Құрық техника-экономикалық негіздемесі «Теңіз» кен орнында мұнай айдау станциясын, Теңіз-Опорный-Өзен-Ақтау құбыр желісін, Құрықта мұнай терминалы мен жаңа порт тұрғызуды және Ақтау портын қайта өңдеу мен кеңейтуді көздейді.  Бұл құбыр желісінің құрылысы Қазақстанға мұнайды Грузия мен Түркияға тасымалдауға мүмкіндік береді. Бастапқы кезеңде жаңа құбыр желісінің қуаты жылына 23-25 миллион тонна мұнай болады және болашақта 56 миллион тоннаға дейін жетеді», - деді Н. Алиев.