Қазақстан мен Әзербайжанды ортақ тарих пен рухани құндылықтар байланыстырады – Мұрат Нұртілеу
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастар туралы шартқа 20 жыл.
- Бүгінгі басқосу мемлекеттеріміздің көп жылғы жемісті ықпалдастығын жаңа әрі сапалы деңгейге көтерудің және қол жеткізілген уағдаластықты жүзеге асыру жолдарын саралап алудың орайлы сәті деп санаймыз. Қазақстан мен Әзербайжан – қарт Каспийдің қос жағалауына ежелден қоныс тепкен бауырлас елдер. Бізді түбі бір түркітілдес халықтар ретінде ортақ тарих, өзара жақын мәдениет және тамырлас рухани құндылықтар байланыстырады, - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БАҚ өкілдері алдында мәлімдеме жасай тұрып.
Министрдің айтуынша, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасы конструктивті саяси диалогтың арқасында қарқынды дамып келеді.
- Мемлекет басшыларымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Ильхам Әлиевтің соңғы үш жылда өзара тоғыз рет жасаған мемлекеттік және ресми сапарларының нәтижесі екіжақты ынтымақтастықты жандандырудың тың бағыттарын айқындады. Осы кезеңде стратегиялық әріптестікті нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы бірлескен декларацияның қабылдануы және жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы елдеріміздің етене байланысын жаңа деңгейге көтерді. Екі ел премьер-министрлерінің өзара сапарлары үкіметаралық байланыстарды нығайтуға елеулі ықпал етті. Кездесуде парламентаралық ықпалдастықты, оның ішінде Достық тобының қарым-қатынасын одан әрі кеңейту мүддесі де толық қуатталды. Біз бірқатар көпжақты формат аясында өзара қолдау көрсетуге дайын екенімізді білдірдік, - дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бүгін елордаға Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов ресми сапармен келді.
Сапар аясында әзербайжандық министр Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.
Кездесу барысында белгілі болғандай, Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы жүк тасымалы 10 млн тоннаға артады.
Сондай-ақ Қазақстан «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры арқылы мұнай тасымалын 2,2 млн тоннаға ұлғайтпақ.