Қазақстан мен БАӘ арасында ауыл шаруашылығы мен машина жасауда ынтымақтастық күшейеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды.

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Келісімге 2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар саудасын одан ары кеңейту және оңайлату мақсатында қол қойылды.

- Келісімнің негізгі ерекшелігі - тауар номенклатурасының 85%-дан астамына қатысты импорттық кедендік баждарды жою. Импорттық кедендік баждардың күшін жоюдан басқа, тауарлардың шығарылған елін анықтау, кедендік ынтымақтастық, ішкі нарықты қорғау шаралары, саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, зияткерлік меншік және басқа да сауда аспектілері енгізілген. Бизнесті дәйекті бейімдеу және аса сезімтал тауарлар бойынша тәуекелдерді болдырмау үшін Келісім ұзақ өтпелі кезеңдерді, ал жекелеген жағдайларда тауарларды еркін сауда режимінен алуды көздейді. Бұл мынадай сезімтал салаларға тиесілі: ауыл шаруашылығы (ет, сүт, астық өнімдері), металлургия, және химия өнеркәсібі, - деді сенатор Әлібек Нәутиев.

Сонымен қатар, отандық өндірушілерді қорғау мақсатында Келісімде қорғау шараларының тиімді пакеті, оның ішінде импорт күрт өскен жағдайда белгілі бір уақытқа баждар немесе квоталар енгізуге мүмкіндік беретін екіжақты қорғау шараларын қолдану ескерілген. Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, металлургия, машина жасау, химия саласы, сондай-ақ IT-сектор және жаңа технологиялар секілді экономиканың түрлі салаларында қазақстандық компаниялармен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.

- Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктерімен сауда қатынастарының әлеуеті зор және елдер арасындағы қызығушылық көптеген Таяу Шығыс мемлекеттерінің, сондай-ақ Африка елдерінің Біріккен Араб Әмірліктері арқылы тауарлар сатып алып, сауда жасайтындығына байланысты. Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақстандық өнімнің болуы отандық бизнеске өңірдің басқа да қарқынды дамып келе жатқан елдеріне тауарларды сатуға мүмкіндік береді. Заңның қабылдануы Қазақстанның преференциялық сауда келісімдерінің желісін кеңейтуге, сол арқылы экспорттық бағыттарды әртараптандыруға мүмкіндік береді, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен БАӘ стратегиялық сауда-инвестициялық серіктестікті нығайтады.