АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заңын қабылдады. Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Аталған конвенцияға 2008 жылдың 22 желтоқсанында Абу-Дабиде қол қойылған болатын. Құжаттың мақсаты екі ел арасындағы инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау жолымен Қзақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің экономикалық ынтымақтастығын нығайту және кеңейту болып табылады. Бұл ретте конвенция екі мемлекеттің резиденттерінің табыстарына қосарланған салық салуды алып тастауды көздейді және салық салудан жалтарудың алдын алады. Дегенмен, құжатта табыстың пайда болу көзі болып табылатын мемлекетте дивидендтерге, пайыздарға және роялтиге төмендетілген мөлшерлемелер бойынша салық салынуы мүмкін ережелер қамтылған.