Қазақстан мен БАӘ бір-біріне қылмыскерлерді ұстап беретін болды

None
АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

Онда «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Аталған келісім 2009 жылғы 16 наурызда Әбу Дабиде жасалған болатын. Келісімге сәйкес, екі мемлекет бір біріне жасалған қылмысы үшін немесе сұрау салушы тараптың юрисдикциясына ішінара немесе толық жатқызылатын үкімді орындауды іске асыру үшін іздестірілген кез келген адамды ұстап беруге міндеттеледі.

Сондай-ақ ұстап беру бірқатар жағдайларда қарастырылады. Атап айтқанда, егер екі елдің заңнамасына сәйкес айыпталушының әрекеттері бір жылдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтін қылмыс болса, сонымен қатар егер сұрау салушы тараптың құзыретті соты сотталушының қатысуымен немесе оның қатысуынсыз алты айдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталса ондай азаматтар ұстап берілетін болады. Бұдан бөлек, егер ұстап беруді талап ететін қылмыс саяси сипаттағы қылмыс болып табылса, салынған сұрау бойынша адамның нәсілі, діни ұстанымы, азаматтығы немесе саяси сенім белгілері бойынша қудалауға байланысты екеніне дәлелді негіздер болса онда ұстап беруге жол берілмейді.