«Қазақстан Беларусьтың сыйымдылығы үлкен жүк техникаларын, атап айтқанда, үлкен кен шығаратын орындарымыз, тау-кен комбинаттарымыз БелАЗ, Гомсельмаш құралдарын пайдаланады. МТЗ ауыл шаруашылығы техникалары Қазақстанның барлық ауылдарында жұмыс істейді. Елімізде 260 бірлескен кәсіпорын, 6 жинақтау бірлескен кәсіпорны бар. Біз бұл бағытты жалғастыра береміз деп келістік. Бүгінгі бизнес форумда бизнесмендер, іскерлік орталар Қазақстанға аталған техникалларды жеткізуді ұлғайту туралы жаңа құжаттар топтамасына қол қояды. Соған сәйкес біздің өтінішіміз аталған ынтымақтастықты ұлғайту және жөндеу жұмыстарын жолға қою болмақ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы екі елдің көлік-транзиттік әлеуеттін дамыту бағытында уағдаластық болғанын атап өтті. Елімізде «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде Қытайдан Ресейдің шекарасына, одан Каспийге дейін 2500 шақырым темір жол және 4 мың шақырым заманауи автомобиль жолы салынғанын айтты.
«Сол арқылы біз беларусь тасымалдаушылары үшін де үлкен мүмкіндік аштық. Бүгінгі күні Тынық мұхитынан контейнерлер Беларусь арқылы өтіп, теміржолшыларымыз мен көлік жүргізушілері үшін пайда табу мүмкіндігін беріп отырғанын айттық. Мәселен, соңғы 6 жылда ғана екі ел арасындағы жүк тасымалы 100 есе өсті. 2018 жылы біз бұл көрсеткіштің 2 есеге өсетіндігін күтеміз. Осыған байланысты Астана мен Минскінің аталған саладағы одан арғы іс-қимылы келісілді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
фото: Бауыржан Жуасбаев