Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында заң жобасын талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста палата депутаттары «Қазақстан мен Беларусь үкіметтері арасындағы 1997 жылғы сәуірдегі табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салықтан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңын қабылдады.
«Хаттама ақпарат алмасуды кеңейту жолымен салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Ал екіншіден, резиденттікті растайтын құжаттардың қолтаңбасы мен мөрін заңдастыру жөніндегі талаптарды жою арқылы екі мемлекеттің резиденттері үшін келісімнің қолдану тәртібін жеңілдету ескерілген.
Үшіншіден, шет мемлекетте жұмыс істейтін профессорларды, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді алғашқы екі жыл бойы салық салудан босату арқылы тәжірибе алмасуды күшейту, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды қосымша ынталандыру қарастырылған», - деді заң жобасы бойынша баяндамаға жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Сонымен қатар министр Хаттамаға оқитын мемлекетінде студенттерге гранттар, стипендиялар мен жалданып істейтін жұмыстан алатын сыйақылар бойынша жеңілдіктерге және шегерімдерге құқық беретін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
Бұдан басқа, Хаттамада келісімде қолданылатын Қазақстан және Беларусь салықтарының атаулары жаңғыртылды. Осы орайда «Проценттер» және «Роялти», «Тәуелсіз жеке қызметтер» баптарының ережелері нақтыланды.
«Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 6,4 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстандық экспорттың негізгі баптарында өңделмеген алюминий мен темірден немесе қоспаланған болаттан жасалатын тегіс илем қамтылған. Импорт құрылымында ауыл шаруашылығы техникасы (тракторлар), қант қызылшасы, шиналар және пневматикалық резеңке тыстар және жиһаз басымдыққа ие. Хаттаманы іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді. Осы құжаттың екі мемлекет арасындағы салық салу мәселелерінде заңнамалық база ретіндегі маңызды рөлін де атап өткім келеді», - деді министр.