«Біріншіден, Хаттама ақпарат алмасуды кеңейту жолымен салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді, ал екіншіден, резиденттікті растайтын құжаттарды тану рәсімін жеңілдетуге жол ашады. Келісім салық қызметтеріне қолтаңбасы мен мөрін заңдастырмай резиденттікті растайтын түпнұсқадағы құжаттарды қабылдауға мүмкіндік беретін ережемен толықтырылды.
Үшіншіден, Хаттамаға оқитын мемлекетінде студенттерге гранттар, стипендиялар мен жалданып істейтін жұмыстан алатын сыйақылар бойынша жеңілдіктерге және шегерімдерге құқық беретін норма енгізу ескерілген. Осы арқылы оқитындар үшін қолайлы жағдай жасалмақ», - деді заң жобасы бойынша баяндамаға жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Мұнымен қоса, аталған келісім профессорларды, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді шет мемлекетте 2 жыл бойында салық салудан босату жолымен екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Хаттамада Конвенция қолданылатын Қазақстан және Беларусь салықтарының атаулары жаңғыртылды. Осы орайда «Проценттер» және «Роялти» «Тәуелсіз жеке қызметтер» баптарының ережелері және тағы басқалары нақтыланды.
«Қазақстан мен Беларусь Республикасы арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда (2007-2016 жылдары) 5,8 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстандық экспорттың негізгі баптарында өңделмеген алюминий мен темірден немесе қоспаланған болаттан жасалатын тегіс илем қамтылған. Импорт құрылымында ауыл шаруашылығы техникасы (тракторлар), қант қызылшасы, шиналар және пневматикалық резеңке тыстар және жиһаз басымдыққа ие. Хаттаманы іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді. Осы құжаттың екі мемлекет арасындағы салық салу мәселелерінде заңнамалық база ретіндегі маңызды рөлін де атап өткім келеді», - деді министр.