Қазақстан мен Беларусь сауда саласында ұзақмерзімді жоспарды қабылдайды – Қасым-Жомарт Тоқаев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразиялық экономикалық одақтың зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруымыз керек. Бұл туралы бүгін Ақордада Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдеріміздің қазіргі қарым-қатынасы өзара мемлекетаралық ықпалдастық аясында табысты әрі тиімді дамып келе жатыр. Оның негізін ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Беларусь Республикасының Президенті қалады. Сондықтан бұл сапарды Қазақстан мен Беларусь арасындағы жемісті стратегиялық серіктестіктің жалғасы деп санаймын», - деді ҚР Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қ. Тоқаев бүгін Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілгенін, екіжақты және өңірлік, халықаралық мәселелер талқыланғанын, өзара байланыстың бірқатар маңызды бағыттары бойынша ортақ пікір болғанын атап өтті.

«Ең алдымен, сауда-экономика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқыладық. Былтырдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі шамамен 800 млн доллар болды. Бұл жақсы үрдіс, бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте де жалғасын табады деп үміттенемін. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруымыз керек. Үкіметтеріміз екі елге жеткізілген тауарлардың санын көбейту, өзара сауда-саттықты ұлғайту мәселелерін пысықтауы тиіс. Бұл бағытта бір-бірімізге қолайлы жағдай жасаудың маңызы зор. Осыған орай арнайы ұзақмерзімді жоспарды қабылдаймыз деп уағдаластық», - деді ҚР Президенті.

Соңғы жаңалықтар