Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Бельгияның ұтқырлық, климат және экологиялық өтпелі кезең мәселелері жөніндегі министрімен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, өнеркәсіпті декарбонизациялау және орнықты даму салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.
Келіссөздер барысында заманауи экологиялық технологияларды енгізу, төмен көміртекті экономиканы дамыту және өнеркәсіптік кәсіпорындардың экологиялық тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы өнеркәсіпті декарбонизациялау, циркулярлық экономиканы дамыту, қалдықтарды басқару және ресурстарды тиімді пайдалану бағыттарында Бельгияның озық тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.
Сонымен қатар тараптар Еуропалық Одақтың көміртегі шығарындыларын трансшекаралық реттеу тетігін (CBAM) енгізуге қатысты мәселелерді қарастырып, жаһандық төмен көміртекті даму жағдайында технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу аясында Каспий теңізінің экологиялық жағдайына айрықша көңіл бөлінді. Қазақстан тарапы теңіз деңгейінің төмендеуі, жағалау сызығының өзгеруі және аталған үдерістердің биоалуантүрлілікке, жағалау экожүйелеріне, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізетін ықтимал әсерлеріне назар аударды.
Осыған байланысты Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мақсатында ғылыми зерттеулерді жандандыру, экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіру және халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту қажеттігі атап өтілді.
Бұдан бөлек, тараптар халықаралық климаттық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде Түркияда өтетін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясына (COP31) дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесуге қатысушылар парниктік газдар шығарындыларын қысқарту, биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруіне бейімделу және экологиялық орнықтылықты қамтамасыз ету бағыттарында халықаралық әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы экологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, өзара тәжірибе алмасуды кеңейтуге және бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендіктерін растады.
Айта кетейік, бұған дейін Бельгия Королі Қазақстанның литий мен никельді өңдеу технологияларына қызығушылық танытқанын жаздық.