Бұл заң жобасы бойынша Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті жұмыс тобын құрып, қорытынды әзірлейтін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімге 2009 жылы наурыздың 16-сында Абу-Даби қаласында қол қойылды.
Келісім Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы мәселелерді шешу кезінде өзара қарым-қатынасты реттеуге бағытталған.
Құқықтық көмекті Келісімге сәйкес сот не басқа да құзыретті органдары шақыру қағазын және басқа да сот құжаттарын тапсыру, жазбаша сұрау салулар арқылы заттай дәлелдемелерді беру, сот шешімдерін мойындау және орындау, іс материалдарын жолдау жолымен жүзеге асырады.
Келісімнің 30-бабына сәйкес ол ратификациялануға тиіс.
Осы Заңды қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді, сондай-ақ келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды.