Қазақстан мен БҰҰ ДБ: орнықты даму және тиімді басқару бағытындағы серіктестік

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Өңірлік экологиялық саммит алаңында БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) әкімшісінің орынбасары Хаолян Шумен кездесті. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.

Фото: Үкімет

Серік Жұманғарин БҰҰДБ Қазақстанның орнықты дамуды, институционалдық реформаларды және өңірлік саясатты ілгерілетудегі негізгі әріптесінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

— Қазіргі уақытта біз өңірлік дамуға, «жасыл» трансформацияға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған БҰҰДБ-ның 2021–2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасын бірлесіп іске асырып жатырмыз, — деп атап өтті ол.
Фото: Үкімет

Өз тарапынан Хаолян Шу Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Ол сондай-ақ БҰҰДБ-ның бастамаларды одан әрі бірлесіп дамытуға дайын екендігін атап өтті. Кездесу барысында қазақстандық тарап өңірлік саясаттың басымдықтарын да атап өтті. 

Фото: Үкімет

Атап айтқанда, өңірлік стандарттар жүйесіне (ӨСЖ) негізделген жаңа бюджеттік модель өңірлер ішінде әлеуметтік, көліктік инфрақұрылымды дамытудағы теңгерімсіздікті қысқартуға бағытталғаны атап өтілді. ӨСЖ-нің негізгі мақсаты — елді мекендердегі өмір сүру жағдайын теңестіру, әсіресе ауылдық жерде жұмыспен қамтуды арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. 

Айта кетейік, Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банкпен жаңа инвестициялық жобаларды талқылаған болатын.