Қазақстан мен Доминикан арасында визалық режим жеңілдетіледі - Әбдіраxманов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxмановтың айтуынша, қазіргі кезде арнайы үкіметаралық келісім әзірленіп жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шыны керек, Доминикан республикасына барып жүрген қазақстандықтар аз емес. Туристік саладан бөлек, екі жақ мәдени-гуманитарлық және сауда-экономикалық байланыстарды барынша дамытуға ниетті. Осыған орай, қазірдің өзінде визалық режимді жеңілдету туралы үкіметаралық келісім әзірленіп жатыр. Соның арқасында туристік байланыстарды ғана емес, іскерлік қарым-қатынастарды да күшейтуге болады», - дейді Әбдіраxманов.

Айта кетейік, Қазақстанға Доминиканның сыртқы істер министрі Мигель Варгес Малдьдонадо бастаған делегация алғаш рет ресми сапармен келді. Мальдонадо алдымен өз әріптесі - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxмановпен кездесті. Екі елдің сыртқы істер министрлері ұзақ кеңесті. Соның нәтиже бойынша бірлескен саяси декларацияны рәсімдеді.

Бүгін Доминикан делегациясын ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қабылдайды. Одан кейін шетелдік меймандар Бас прокуратура, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі мен «Атамекен» ҰКП басшылығымен кездеседі. Бұдан бөлек, Алматы қаласына сапарлайды. Барлық кездесулердің нәтижесі бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылады.