Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасында 1,3 млрд долларды құрайтын үш жоба қабылданбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасында 1,3 млрд долларды құрайтын үш жобаны ратификациялау жоспарланып отыр.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті. Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

«2014 жылдың мамыр айында Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы 2016-2021 жылдары жалпы құны 4,9 млрд. АҚШ долларын құрайтын Серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Оның ішінде 4,3 млрд доллары Дүниежүзілік банктің есебінен бөлініп, бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталады», деді Марат Құсайынов.

Вице-министрдің айтуынша, 2015 жылы жалпы құны 293 млн долларды құрайтын 3 жобаны Парламент ратификациялаған болатын. Атап айтқанда, олар: Шағын және орта бизнестің бәсекелестігін арттыру; Өнімді инновацияларды ынталандыру; Еңбек дағдыларын және жұмыс орындарын дамыту жобалары болып табылады.

«Бұдан бөлек, 2015 жылы Дүниежүзілік банк 1 млрд доллар құрайтын бюджет тапшылығын өтеуге арналған қарыздың бірінші траншы мақұлданды. Ал тағы 1 млрд долларды құрайтын қарыздың екінші траншы 2016 жылдың шілдесіне қарай  қабылданатыны жоспарланады. Сонымен бірге, ағымдағы жылы 1,3 млрд долларды құрайтын үш жобаны ратификациялау көзделіп отыр. Олар: «Орталық-Батыс» дәлізінің Астана-Бейнеу учаскесін қайта құру; Әлеуметтік медициналық сақтандыру; Білім жүйесін жаңғырту. Айта кетерлігі, Дүниежүзілік банкпен тығыз ынтымақтастыққа байланысты Қазақстан Еуропа және Орталық Азиядағы Дүниежүзілік Банк инвестицияларын аумақ бойынша ең ірі көлемін тартқан ел болып табылады», деді М. Құсайынов.