Қазақстан мен ЕКПА ынтымақтастығы: Мәулен Әшімбаев бірпалаталы Парламент бастамасын таныстырды
ПАРИЖ. KAZINFORM – Францияға сапары аясында Мәулен Әшімбаев ЕКПА Төрағасы Теодорос Русопулоспен, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсемен және Қазақстан бойынша баяндамашы Жолт Неметпен кездесті. Бұл туралы ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметі мәлім етті.
— Тараптар саяси реформаларды, әлеуметтік интеграцияны дамыту, Конституциялық Соттың рөлін күшейту және бір палаталы Парламент құру бастамасын талқылады. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ЕКПА-ның Саяси мәселелер және демократия жөніндегі комитетінің Төрағасы Бертран Буикспен жүздесті, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Сенат төрағасы мен Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Президенті бірлескен мәлімдеме жасады.
— Бүгін Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Қазақстандағы демократиялық реформаларды қолдауды растайтын қарар қабылдаған кезде, біз 2004 жылы қол қойылған мекемелеріміз арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімде көзделгендей, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға, институционалдық және саяси диалогты тереңдетуге және ортақ құндылықтар негізінде прогресті ілгерілетуге өз міндеттемелерімізді қайта жариялаймыз, — делінген мәлімдемеде.