Қазақстан мен ЕО қатынастары белсенді дамып келеді - Мұхтар Тілеуберді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық Комиссияның Вице-президенті Жозеп Боррельдің Қазақстанға сапармен келуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сапар маңызды оқиға – 20 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентін сайлау қарсаңында өтіп жатыр. Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді тұрақты түрде қолдап, Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі күш-жігерімізге қатысты еуропалық серіктестердің оң пікірлері үшін Еуропалық Одаққа алғыс айтамыз», - деді М. Тілеуберді.

Осы орайда министр келесі жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы атап өтілетінін еске салды.

«Біз сенімге, өзара сыйластыққа және ортақ басымдықтарға бағытталған берік қарым-қатынастарымызды жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтитын Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді тиімді іске асыруға мүдделіміз. Қарым-қатынастарымыз барлық басым бағыттар бойынша белсенді дамып келе жатқанын атап өткен жөн», - деді ҚР Сыртқы істер министрі.

Айта кетейік, бүгін Ақордада ҚР Сыртқы істер министрі М. Тілеуберді мен Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррельдің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Еске салсақ, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Қазақстанға сапары қарсаңында ҚазАқпараттың меншікті тілшісіне эксклюзив сұхбат берді.