Қазақстандық делегацияға Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, ал Еуропалық Одақ делегациясына - Еуропа сыртқы іс-қимылдар қызметі Орталық Азиялық басқарма басшысы Тойво Клаар жетекшілік етті. Отырысқа Қазақстанның бірқатар мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдері, соның ішінде Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму, Қорғаныс және Мемлекеттік істер министрліктерінің, Жоғарғы соттың, Бас прокуратура мен Адам құқы жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері қатысты.
Ынтымақтастық комитетінің отырысына қатысушылар сауда, өзара инвестициялар, энергетика мен көлік саласын дамыту, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету, өңірлік ынтымақтастық секілді өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, тараптар жаңа қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимылды күшейту және адам құқығын қорғауды қамтамасыз ету мәселелеріне де назар аударды. Сондай-ақ, ЕО-тың Орталық Азия бойынша жаңартылған Стратегиясын жүзеге асыру және Астанада былтырғы жылдың желтоқсан айында өткен ЕО-ОА Конференциясының қорытындылары күн тәртібіндегі жеке мәселе ретінде талқыланды.
2015 жылдың 21 желтоқсанында Астана қаласында қол қойылған Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру перспективаларына да ерекше назар бұрылды.
«Жақында еліміздегі тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен оның ірі инвестиция және сауда әріптесі ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім - сауда айналымын арттыруға және еуропалық инвестицияны тартуға негіз болатынын атап өткен еді. Сондықтан да, біз Келісімнің сауда-экономикалық және басқа да салалардағы әлеуетін жүзеге асыру перспективасына ерекше мән беріп отырмыз», - деді Р. Василенко. Оның айтуынша, Қазақстан мен ЕО арасындағы жаңа келісім өзара қатынастардың дамуын жаңа деңгейге шығарады.
«Біз экономика, инвестиция, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, көлік, жаңа технологиялар салаларын, сондай-ақ екі жақты сауданы дамыту бойынша өзара әрекеттестікті нығайту жөнінде уағдаластық. Күн тәртібіндегі ерекше тақырып Қазақстан азаматтары үшін ЕО елдеріне визалық режимді жеңілдету келешегін талқылау болды. Сонымен бірге, Қазақстанға нарықтық экономика мемлекеті мәртебесін беру мәселесіне де ерекше көңіл аударылды», - деді сыртқы саясат ведомство басшысының орынбасары.
Өз кезегінде ЕО делегация басшысы Тойво Клаар ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісімнің келешегіне тоқтала келе, құжатты келешек ұрпақ үшін аса маңызды ретінде атап өтті. Оның айтуныша, ЕО бұндай келісімді Орталық азия елдерінің арасында Қазақстанмен алғаш рет жасап отыр.
Келісім ауқымында қамтылатын өзара әрекеттестік бағыттары арасында экономика мен қаржы, көлік, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, білім мен зерттеу, мәліметтерді қорғау, көші-қон, заң билігі мен сыбайлас жемқорлықпен күрес, халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық бойынша көмектер көрсету салалары бар.
Еуропалық Одақ Қазақстанның ірі сауда және инвестиция әріптесі болып табылады. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 51 пайызы ЕО үлесіне тиеді. ҚР мен ЕО арасындағы сауда айналымы 2015 жылдың қорытындысы бойынша 31 млрд. доллардлан асқан.