Қазақстан мен ЕО визалық режимді жеңілдету мәселесін талқылап жатыр

Фото: Видеодан кадр

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одақ Қазақстанмен ынтымақтастықтың бірқатар маңызды салаларын нақтылауда. Соның ішінде порт инфрақұрылымын жаңарту және гидроэнергетикалық жобаларға инвестиция көлемін ұлғайту мәселелері бар. Бұл туралы Еуропалық Кеңес президенті Антониу Кошта Silk Way телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

— Сіздің пікіріңізше, Астана мен Брюссель арасындағы «жаңа әріптестік кезеңнің» маңызы қандай?

— Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым қарым-қатынасымыздың маңызды дәуіріне тұспа-тұс келуі — үлкен қуаныш. Биыл Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде Еуропалық одақ Қазақстанның ірі инвесторы әрі басты сауда серіктесіне айналды. Біздің экономикалық қауіпсіздігіміз үшін де Астананың маңызы ерек: Қазақстан ЕО нарығына мұнай мен уран жеткізуші ірі үш елдің қатарына кіреді. Ортақ әлеуетіміз бұдан да жоғары. Сондықтан бұл сапар ынтымақтастықтың жаңа бағытын анықтауға және бүгінгі серіктестікті тереңдете түсуге мүмкіндік жол ашары айқын.

— 2022 жылдан бастап Қазақстан мен ЕО арасындағы байланыс едәуір жанданды: қазір елдегі барлық шетелдік инвестицияның 40%-дан астамы Еуропаға тиесілі. Сіздің сапарыңыздың қорытындысы бойынша қандай нақты келісімдер пайда болуы мүмкін немесе қандай тиімді шешімдер күтеміз? Қай сектор басымдыққа ие болады?

— Төрт стратегиялық бағдарды бөліп көрсеткім келеді. Біріншіден, көлік бағыты, әсіресе Орта дәлізді дамыту және порт инфрақұрылымын жаңғырту назарда болмақ.

Екіншіден, су ресурстарын қаперге аламыз. ЕО Орталық Азияның барлық өңіріндегі гидроэнергетикалық жобаларға инвестицияны ұлғайтады.

Үшіншіден, шалғайдағы мектептерге цифрлық технологияны жеткізу талқыланады.

Төртіншіден, аса маңызды минералдарға басымдық беріледі. Маңыздысы, Қазақстанда шикізатты талдауға арналған зертханалар құрылады. Бұл шикізат үлгілерін шетелге жібермей-ақ ел ішінде зерттеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар адамдар арасындағы байланысты күшейтеміз. Кеше визалық режимді жеңілдету туралы келіссөздер ресми түрде басталды. Бұл — ЕО үшін Қазақстанның маңызын және қоғам арасындағы байланысты жандандыруға жасалған сегіз жыл ішіндегі алғашқы келіссөз.

Фото: Видеодан скрин

— Виза режимін жеңілдету туралы тарқата кетсеңіз, мұндай «жеңілдік» іс жүзінде нені білдіреді және 2026 жылы келіссөздердің нәтижесін көре аламыз ба?

— Келіссөздер енді ғана басталды, сондықтан алдағы өзгерістердің қашан күшіне енетінін нақты болжау қиын. Басты мақсат — Еуропа мен Қазақстан арасындағы оқу, жұмыс, инвестиция және туризм сапарларын жеңілдету. Осы арқылы халықтар арасындағы байланыс айтарлықтай нығаюы мүмкін.

— Қазақстан Еуропалық одақ үшін энергетикалық ресурстардың негізгі жеткізушілерінің біріне айналды. Брюссель мұндай қадамды қалай бағалайды, қос тарап экспорттың ашықтығы мен сенімділігін арттыру үшін нендей келісім жасамақ?

— Энергетикалық саясатымыз нақты айқындалған. Біз — декарбонизацияға көшуде әлемдік көшбасшымыз. Жақында тың шешім қабылдадық: 2040 жылға қарай шығарындыларды 90%-ға қысқартуды көздеп отырмыз. Жаңартылатын энергетикаға, энергия тиімділігіне және нарықтағы өзге де энергия жеткізушілерге инвестиция құю жоспарда бар.

Қазір Қазақстан көлемі жағынан ЕО-дағы мұнай мен атом энергетикасына қажетті уранды жеткізу бойынша үшінші ірі мемлекет саналады. Бұдан өзге Қазақстанның баламалы энергетикаға көшуге әлеуеті толық жетеді. Себебі Қазақстан батареяларға, энергияны сақтау жүйелеріне, күн панелдері мен басқа да технологияларға қажетті аса маңызды минералдарға бай.

— Осы тұрғыда Орта дәліздің маңызы жоғары екені түсінікті. Аталған бағыт бойындағы инфрақұрылым алшақтығын жоюға бағытталған жаңа еуропалық инвестиция бола ма?

— Иә. Сәуірде өткен «Орталық Азия — Еуропа Одағы» саммитінде Орта дәлізді дамытуды жеделдетуге келістік. Оған қоса Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісім жаңа мүмкіндіктерді ашты. Болашақта Азия мен Еуропаны қосатын және Қара теңiзге шығатын Транскаспий бағытын толыққанды дамыту үшiн қолайлы сәт тууы ықтимал.

— Кейінгі жылдары ЕО мен Орталық Азияның «C5+EU» форматындағы жүздесуі жиіледі. Сіз өңірлік бағдарды қалай бағалайсыз және Орталық Азия мен ЕО саясатының басым бағыты қайсы?

— Ұстанымымыз негізгі қағидалармен сабақтас. Біз көпполярлы әлем көзқарасын қолдаймыз — халықаралық жүйе халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысы негізінде қалыптасуы тиіс. Бұл аймақтық айырмашылыққа қарамастан жаһандық мәселелер бойынша ортақ келісімге келуге итермелейді. Бейбітшілік нығайту, тұрақтылық сақтау, дамуды жеделдету үшін Орталық Азиямен бірлесе жұмыс істей береміз.

— Нақты Қазақстанға қатысты ұстанымды айқындай түссек, алда екіжақты ынтымақтастық қалай құбылады?

— Еуропалық одақ пен Қазақстан түрлі салада кең және берік ынтымақтастық орнатып үлгерді. Әрине, кейде пікір қайшылығы болып тұрады, бұл — қалыпты жағдай. Бірақ қос тарап кез келген сын-қатерді ашық диалог пен дипломатия арқылы шешуді мақсат тұтады әрі бізді біріктіретін де осы ұстаным екенін айта кетуім керек.

Қайталап айтайын, мен үшін бұл сапардың маңызы жоғары: биылдыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен үшінші мәрте кездесіп отырмын. Ол — тәжірибесі мол, өңірлік және әлемдік геосаяси ахуалды терең түсінетін көшбасшы. Біз Қазақстанның араағайындық рөлін жоғары бағалаймыз және сіздердің елдеріңіз күн сайын күрделене түскен әлемде дипломатия кеңістігін кеңейтуге көмектеседі деп үміттенеміз.

Бұған дейін Президентпен кездесуден кейін Антониу Кошта Қазақстан мен Еуропаның байланысына жоғары баға беріп, ЕО жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін мәлімдеген болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес президенті Антониу Коштаны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттағаны туралы жаздық.