Қазақстан мен Эстония қай салаларда ынтымақтастықты нығайтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ-эстон бизнес-форумында жалпы құны 517 млн АҚШ долларынан асатын келісімдер бекітілді. Соның ішінде мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық меморандумы жасалды, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эстония Президенті Алар Карис қатысқан қазақ-эстон бизнес-форумы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Эстония Республикасының Өңірлік істер және ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде форумның сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әріптестікті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал ететінін атап өтті. Президент Эстония бизнесінің Қазақстандағы қатысуын кеңейтудің маңызын көрсетіп, ынтымақтастықтың көлік және логистика, цифрландыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қаржы және білім беру сияқты перспективалы бағыттарын айқындады, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Өз кезегінде Эстония Президенті Алар Карис те аграрлық саладағы өзара іс-қимылды тереңдетуге және озық тәжірибемен алмасуға қызығушылық білдірді.

Қол қойылған Меморандумда:

  • сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту;
  • генетикалық жетілдіру, селекциялық жұмыс, фенотиптеу және цифрлық шешімдер бойынша тәжірибе алмасу;
  • ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік, жануарлар әл-ауқаты және биоқорғау салаларындағы ынтымақтастық;
  • ғылыми-техникалық жобаларды, бірлескен семинарлар мен зерттеу бастамаларын ілгерілету;
  • екі елдің салалық қауымдастықтары, ғылыми орталықтары және сарапшылар қауымдастығы арасындағы байланыстарды нығайту көзделген.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан мен Эстония компаниялары арасында жалпы құны 517 млн АҚШ долларынан асатын 11 коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл екі ел бизнесінің әріптестікті кеңейтуге жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.