Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда айналымы бес айда 20,2 млрд долларға жетті

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Қазақстан мен Еуроодақ елдері арасындағы екіжақты сауда айналымы 41 млрд доллардан асқан. Ал биыл 5 айдың ішінде 20,2 млрд долларды құрады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті.

«Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. Биыл 5 айдың ішінде өзара сауда 20,2 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш еліміздің жалпы сауда айналымының 37%-ын құрайды. 2023 жылға келсек, алыс-берісіміз 41 млрд доллардан асып түсті. Былтыр Еуроодақ елдерінен Қазақстан экономикасына 10,4 млрд доллар инвестиция тартылды. Ал, 2005 жылдан бері құйылған инвестициялар көлемі 180 млрд доллардан асты», - деді Мұрат Нұртілеу Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілімен кездесуден кейін БАҚ өкілдері алдында. 

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның сөзінше, бүгінде елімізде 3 мыңнан астам еуропалық компания экономиканың түрлі секторында белсенді жұмыс істеп жатыр. 

«Олардың ішінде «Eni», «Total», «Amazonen-Werke», «Air Liquide», «Alstom», «Carlsberg» сияқты аты әлемге танымал компаниялар бар. Жалпы, біздің дәстүрлі басымдықтарымыз энергетика, көлік пен логистика, ауыл шаруашылығы, машина жасау мен өндіріс, ақпараттық технологиялар болған. Бұл жолы біз CRM, яғни аса маңызды шикізат материалдар бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселесіне көңіл бөлдік», - дейді ол. 

Сондай-ақ, ведомство басшысы Қазақстан Үкіметі еуропалық компаниялар мен іскерлік топтардың елімізге келуін құптайтындығын жеткізді. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанаға Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еурокомиссияның Вице-президенті Жозеп Боррелл ресми сапармен келді.

Бұған дейін, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррелмен келіссөздер жүргізгенін жазған болатынбыз.