Қазақстан мен Еуроодақ қарым-қатынасы өзара сенімге негізделген – Мұрат Нұртілеу

Фото: Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррелмен келіссөздер жүргізді.

«Жозеп Боррелл мырзаның бүгінгі сапарына ерекше мән береміз, алғаш 2022 жылы Астанаға сапармен келген еді. Өзім былтыр мамырда Брюссельде болдым. Бүгінгі кездесу біздің төртінші толыққанды басқосуымыз. Екі жақты байланыс Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің тағы бір көрсеткіші екенін толық сеніммен айта аламыз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Еуроодақ өзара сенімге, сыйластық пен ортақ басымдықтарға негізделген берік қатынастарды бірізді дамытуда», - деді Мұрат Нұртілеу кездесуді қорытындылай келе БАҚ өкілдері алдында.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Сондай-ақ, министр Еуроодақ өкілімен келіссөздің ашық әрі конструктивті сипатта өткенін айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Біздің мақсат – Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді одан әрі жүзеге асыру жолдарын қарастырып, өзара тиімді шешімдер қабылдау. Қол жеткізген уағдаластықтар жан-жақты байланыстарымызды одан әрі тереңдетуге жаңа леп береріне сенімдімін», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін Астанаға Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еурокомиссияның Вице-президенті Жозеп Боррелл ресми сапармен келді.