Қазақстан мен Еуропалық одақ визалық режимді жеңілдетуді талқылады

АСТАНА. KAZINFORM – 29 мамырда Қазақстан-Еуропалық одақ Саяси конфигурациядағы ынтымақтастық комитетінің 23-отырысы өтті.

Фото: montsame

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, кездесуде Global Gateway бастамасын іске асыру және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне баса мән берілген.

Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов және Еуропалық сыртқы әрекет қызметінің Шығыс Еуропа мен Орталық Азия жөніндегі басқарушы директорының орынбасары Одроне Перкаускене қатысқан.

– Қазақстан мен Еуропалық одақ көлік-логистикалық байланысты нығайту, жасыл энергетиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау, аса маңызды шикізат материалдарын жеткізу және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту сияқты салалардағы серіктестікті одан әрі күшейтудің стратегиялық бағдарын айқындады, – деді Е.Жетібаев Астанада өткен апталық брифингіде.

Күн тәртібінің жеке тармағы ретінде Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету перспективалары қарастырылды.

– Тараптар консулдық-визалық саладағы диалогты жандандырудың және өзара іс-қимылды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестікті екіжақты өзара іс-қимылдың барлық бағыты бойынша нығайта түсуге өзара мүдде барын растады, – деді Ерлан Жетібаев.

Бұған дейін ҚР СІМ Шенген аймағы елдерінде автоматтандырылған кіру-шығу жүйесінің (EES — Entry/Exit System) енгізілгенін хабарлаған еді. Шенген аумағына алғаш рет кіргенде шетел азаматтарынан жол жүру құжаттарының деректері, биометриялық мәліметтер, кіру және шығу күні мен орны міндетті түрде тіркеледі.