Қазақстан мен Франция ғарыш пен қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты кеңейтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың Франция Республикасының Еуропа мен сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Жан-Батист Лемуанмен кездесуі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сондай-ақ, келіссөздерге Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Франсис Этьен мен Франциядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Дәненов қатысты, деп хабарлайды ҚР ҚАӨМ баспасөз қызметі.
 

Кездесу барысында Қазақстан мен Францияның стратегиялық серіктестері болып табылатын ғарыш саласындағы қарым-қатынасты нығайту және кеңейту мәселелері талқыланды.

2009 жылы француздық серіктестермен бірлесіп, жоғары және орта кеңістіктік жиіліктегі «КazEOSat-1» және «КazEOSat-2» атты екі спутниктен тұратын Жерді қашықтықтан бақылау қазақстандық ғарыш жүйесі құрылып, табысты жұмыс істеп келеді. Астанада еуропалық ғарыш технологиясы трансфертінің көмегімен ғарыш құрылғыларын заманауи құрастыру-сынақтан өткізу кешені салынып жатыр.
 

Франция Республикасының Еуропа мен сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Жан-Батист Лемуан Қазақстан мен Францияның арасында достық қарым-қатынастың орнағанын атап өтіп, қонақжайлылық пен табысты кездесу үшін алғысын білдірді.
 

ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ғарыш және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына сенім білдіріп, француздық компанияларды 2017 жылдың қазан айында өтетін «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумына және 2018 жылдың мамыр айында Астанада болатын «KADEX-2018» көрмесіне қатысуға шақырды.
 

Сондай-ақ, Жан Батист Лемуан Қазақстандағы француз елшісімен бірге Ұлттық ғарыш орталығын аралады.