Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, комитеттің мақсаты – ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықтың іске асырылу барысын қарастыру, сондай-ақ оны одан әрі дамыту перспективаларын айқындау.
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барромен, сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық жөніндегі министр-делегат Николя Фориссьемен, сондай-ақ Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариаттың (CEA) бас директоры Анн-Изабель Этьенврмен кездесті.
Қазақстан мен Франция өзара тиімді стратегиялық әріптестікке негізделген энергетика саласындағы ынтымақтастықтың берік әрі ұзақ мерзімді сипатын растады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 5 қарашада Франция Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы Бірлескен декларацияға қол қойылды.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесіп, атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.