Президенттің айтуынша, бүгінгі кездесулер мазмұнды және табысты өтті деуге толық негіз бар.
– Келіссөздер аясында жалпы құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімшарттар тиімді жүзеге асырылса, екі елдің ынтымақтастығы бекемделе түсетіні анық. Мен ертең Бавария қаласына барып, бірқатар жоғары лауазымды тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырмын. Сапар барысында бірегей жиын – Қазақстан-Бавария технологиялық форумына қатысамын. Бұл басқосу да елдеріміздің ынтымағын нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мен Германия Федералдық Канцлері аймақтық және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
– Біз кез келген шиеленісті бейбіт және дипломатиялық жолмен шешу қажет деп есептейміз. Бұл – екі елге де ортақ ұстаным. Сонымен қатар біз «Орталық Азия – Германия» форматындағы диалогті одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Германиямен ұзақмерзімді, өзара тиімді және нақты нәтижеге негізделген стратегиялық серіктестікті күшейте түсуге ниетті, – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Бірлескен декларация қабылдады. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді.