Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық қалай дамып келеді
Биыл Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 31 жыл толды. Осы аралықта жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасты. Сонымен қатар, өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз да кеңейді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28-29 қыркүйек күндері Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барады. Осы сапар барысында Мемлекет басшысы Берлинде Федералды Канцлер Олаф Шольцпен және Федералды Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізеді. Орталық Азия және Германия мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, сапар аясында Мемлекет басшысы халықаралық Berlin Global Dialogue форумында сөз сөйлейді және Германияның іскерлік қоғамдастығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізеді.
Қазақстанға осыған дейін бірнеше рет Германияның президенттері мен канцлерлері сапарлаған еді. Мәселен, 2023 жылдың маусым айында Қазақстанға Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мемлекеттік сапармен келді.
Сапар аясында екі мемлекеттің басшылары Қазақстан-Германия стратегиялық серіктестігін нығайту мәселелері бойынша келіссөз жүргізді.
«Тағы бір аса маңызды сала – мәдени-гуманитарлық байланыс. Елімізде неміс ұлтының 226 мың өкілі өмір сүреді. Олар Қазақстанды өркендетуге елеулі үлес қосып келе жатыр. Германияда 1 млн астам бұрынғы отандастарымыз тұрады. Бұл – халықтарымыз арасындағы достықты нығайта түсетін алтын көпір. Біз осы саладағы ықпалдастықты тереңдетуге ниеттіміз», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме барысында.
Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі. Германияның Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайызы біздің елге тиесілі. Қазақстан Германияның басты 50 экономикалық серіктесінің қатарына кіреді. Сондай-ақ, осы елді мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі төрт мемлекеттің бірі саналады. Мұны Франк-Вальтер Штайнмайер де баса айтқан болатын.
Виза режимін жеңілдету
Еуропа елдерімен қарым-қатынасты тереңдету тұрғысында Қазақстан мен ЕО азаматтарының өзара сапарлары өскенін ескерсек, Қазақстан визалық режимді жеңілдетуге ерекше мән беріп отыр.
2017 жылдың қыркүйегі мен желтоқсанында ЕО Кеңесінің визалар жөніндегі жұмыс тобының отырыстары өтті. Онда ЕО-ға мүше елдердің көбі Қазақстанмен визалық режимді жеңілдету мәселесін пысықтауды қолдады.
Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының шет елдерге, соның ішінде Еуропа одағы елдеріне бару үшін визалық режимді жеңілдету бойынша тиісті жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып келеді. 2023 жылғы 21-23 тамызда Қазақстанға Еуропалық парламенттің (ЕП) Сыртқы істер бойынша комитетінің төрағасы Дэвид Макаллистер бастаған бір топ депутат делегациясының іссапары өткені мәлім. Аталған сапар барысында еуропалық депутаттар мен Қазақстанның бірқатар мемлекеттік органы, соның ішінде Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілдері арасында келіссөздер болды.
Қазақстан мен Германия ынтымақтастығы
Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы 11 ақпанда орнатылды. 1992 жылы желтоқсанда Алматыда Германия Федеративтік Республикасының Елшілігі ашылды.
Сонымен қатар, 1993 жылы қыркүйекте Бонн қаласында Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды, ал 1999 жылы Берлинге көшірілді.
Негізінен, Қазақстан-Германия қарым-қатынастары сенімді диалог пен өзара достық байланыстары арқылы жалғасып келеді. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері өзара ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтудің маңызды кезеңі қалыптасты.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 5-6 желтоқсанда ресми сапармен Германияға барған еді. Ал 2020 жылы 14-16 ақпандағы Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысу үшін осы елге кезекті рет сапарлаған болатын. Енді Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына келесі ресми сапары неміс жағының шақыруымен 2023 жылғы 28-29 қыркүйекте өтеді.
Мұнымен қоса, парламентаралық байланыстар қарқынды дамып келеді, бұған екі ел парламент мүшелерінің өзара сапарлары дәлел. ҚР Парламенті қос палатасының спикерлері ГФР-ға 2012 жылы, 2015 жылы және 2017 жылы барды. Өз кезегінде Қазақстанға ГФР Бундестагының төрағасы Н. Ламмерт (2010 ж.), ГФР Бундестагының Вице-президенті Й. Зингхаммер, ГФР «Жасылдар партиясы» ақсақалдар кеңесінің Құрметті төрағасы Х. Модров (2015 ж. қыркүйек), герман Бундестагының Вице-президенті Х.-П. Фридрих (2019 ж., қыркүйек) келді. ҚР Парламенті Мәжілісінде («Қазақстан-Германия») және Германия Бундестагында («Германия-Орталық Азия») парламенттік достық топтары белсенді жұмыс істеп жатыр.
Қазақстан мен Германия арасында 30-дан астам келісім жасалған. Оның ішінде: Шикізат, өнеркәсіп және технологиялар салаларындағы ынтымақтастық туралы Үкіметаралық келісім (Астана, 2012 ж. 8 ақпан); Қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім (Бонн, 26 қараша 1997 ж.); Қазақстан мен ГФР арасында Экономика, өнеркәсiп, ғылым және техника саласында кең ауқымды ынтымақтастықты дамыту туралы шарт (Бонн, 22 қыркүйек 1992 ж.); Мәдени ынтымақтастық туралы келісім (Алматы, 16 желтоқсан 1994 ж.); Қазақстан мен ГФР үкіметтері арасында Ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және қылмыстың басқа да қауiптi түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім (Берлин, 2021ж.13 қазан) бар.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, Германия дәстүрлі түрде еліміздің Еуропа одағындағы маңызды сауда серіктесі саналады. Бұл ретте, Германия Қазақстанның 10 ірі сауда серіктесінің қатарына кірді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттер арасында екіжақты сауда көлемі 24,9 пайызға өсіп, 2,8 млрд АҚШ долларына (2021 ж. – 2,2 млрд АҚШ доллары) жетті. Экспорт 33,2 пайызға артып, ферроқорытпалар, мұнай, сутек және басқа да тауарлар тасымалданды. Импорт 23 пайызға өсіп, 2,2 млрд АҚШ долларына жетті. Мәселен, биылғы 7 айдың көрсеткіштеріне сәйкес, тауар айналымы 2,1 млрд АҚШ доллары көлемінде болып, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60,6 пайызға өсті.
ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 2005-2022 жылдар аралығында Германиядан тікелей инвестиция түрінде 5,8 млрд доллар тартылды. 2022 жылы Қазақстандағы неміс инвестициясының сомасы 469,5 млн долларға жетті.
Мұнымен қоса, мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар да жақсы деңгейде. 1994 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан мен ГФР Үкіметтері арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы келісімнің 18-бабына сәйкес, Қазақстан-Герман мәдени ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі аралас комиссия жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, неміс диаспорасының мәселелерімен Этникалық немістер мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссиясы айналысады. 2023 жылы наурызда Берлинде оның 19-шы отырысы өтті.
1994 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында Германияның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жалғасып келеді.