Қазақстан мен Германия қай салаларда бірлескен жобалар жасайды
Қазақстан мен Германияның ірі және орта бизнестері арасында маңызды коммерциялық келісімдер бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барды және Федералдық канцлер Олаф Шольцпен келіссөздерден кейін тілшілермен баспасөз мәслихатын өткізді.
«Бүгінгі кездесуде мұнай-газ химиясы, металлургия, көлік, логистика сынды перспективті салаларда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін жан-жақты талқыладық. Менің сапарымнан кейін ірі және орта неміс бизнесінің көшбасшыларымен бірқатар кездесулер өткізу қарастырылған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Германияда тілшілерге берген баспасөз мәслихатында.
Президенттің айтуынша, бүгінгі кездесу қарсаңында Siemens, Deutsche Bahn, Siemens Energy, Linde сынды негізгі серіктестермен маңызды коммерциялық келісімдерге қол қойылған.
«Бұл құжаттар мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға елеулі серпін беруге бағытталған», - деді Мемлекет басшысы.